«Қажет болса, Жанбайға тексеріс жіберіледі»

Өткен жұма күні өңірімізге ҚР Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов келіп, Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттер мен тапсырмаларды халық арасында түсіндіру мақсатында аудан аумағында келелі кездесулер өткізді.

Елордадан арнайы сапармен келген мейман мен облыстық энергетика және тұрғын үй шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Иғалиевті аудан әкімі Марат Мурзиев пен аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Мұхамбеталиев қарсы алып, ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Мәртебелі мейман бастаған топ әуелі Манаш елдімекенінде салынып жатқан жел генераторы кешенінде болып, облыстың болашақ энергиясының 13-14 пайызын беретін алып құрылыстың жай-күйімен танысты. Салынып бітуі осы жылдың аяғына жоспарланып отырған алып кешенде 36 жел генераторы болмақ, оның қазір 32-сі салынып біткен. Жел электр кешенінің қуаты 52,8 МВт болады деп күтілуде.

Одан әрі Жанбай ауылдық мәдениет үйінде ауыл халқымен кездескен вице-министр Атырау облысының экономикалық көрсеткіштері мен өндірістік әлеуеті туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, өткен 10 айда облыс бойынша 35 млн. тонна мұнай өндірілген екен. Бұл орайда Теңіз, Қашаған кеніштерінің және Ембі мұнайының үлестері зор. Жалпы республикада өңделген 12 млн. тонна мұнайдың 40 млн. тоннасы – Атырау мұнай өңдеу зауытының еншісінде.

Сондай-ақ, кездесу барысында Х.Нәубетов атындағы мектептің мұғалімі Саягүл Айтжанова Елбасы Жолдауынан туындаған мәселелерді қозғаса, зейнеткер Аман Ибатов ауылдағы мәдениет үйіне кірме жолдың керектігін, ауылішілік жолдардың да бітпеген тұстарын және ауылға спорт кешенінің қажеттігін сөз етіп, ұрпақ тәрбиесі, білім беру, идеология мәселесін қозғады. Ал ауыл тұрғыны зейнеткерлер Мұстажап Аяшев пен Закария Жұмағазиевтер ауыл іргесіндегі «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты «Жаңаталап» кен орны мен «Потенциал Ойл» ЖШС-дан шығатын газ иісін мәселе етіп көтерді. Олардың айтуынша, күнде кешқұрым шіріген жұмыртқаның иісі секілді лас ауадан ауыл тұрғындары тұншығып отыр екен. Желді күндері терезе, есік ашып, желдетіп қою мүмкін емес екенін айтқан ауыл тұрғындары бұл мәселені осыған дейін талай мәрте БАҚ арқылы көтергенін, алайда «баяғы жартас бір жартас» болып, мәселенің шешімсіз қалып келе жатқанын ашына айтып, улы газ иісінен құтылудың бір жолы – бұрынғыдай алау жағылса деген тілектерін айтты. Бұған қоса Закария ақсақал қазіргі «Потенциал Ойл» мұнай компаниясы орналасқан аумақта байырғы ескі зират орнының бар екенін және өндірістік жұмыстар нәтижесінде зиратта мәңгілік тыныс тапқан аруақтардың сүйектерінің жер бетіне шығып қалып жатқанын ашына жеткізді. Қарияның айтуынша, бұл жағдай бойынша компания басшылығы хабардар болса да, ескі қорымды қоршату жұмыстары жүргізілмей келеді екен.

Аталған мәселелер, оның ішінде экологиялық жағдай бойынша вице-министр түсінік берді. Бұл мәселеге байланысты министрлік жанында арнайы тексеру инспекциясы бар екен, құзырлы органдармен және облыс басшылығымен жолығып, жан-жақты талқылағаннан кейін егер қажет болса, аталған инспекцияны өңірге жолдайтынын айтты. Шара соңында аудан әкімі Марат Мурзиев қазіргі кезде аудан бойынша 70-тей жобалық-сметалық құжаттаманың жасалғанын және алдағы жылдары орталықтан қаражат бөлінсе, бұл жобалалардың жүзеге асырыла бастайтынын жеткізді. Соның ішінде Жанбай ауылына спорт кешенін салу жоспары да бар.

Аслан МҰРАТҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521