Базалық зейнетақыны қайта есептегенде ескере жүрер жайлар бар

2018 жылдың 1-шілдесінен бастап зейнетақы алып жүрген барлық зейнеткерлердің базалық зейнетақысы қайта есептелетін болады.

Қазір, яғни осы жылдың 1-қаңтарынан бастап базалық зейнетақыға ең төменгі күнкөріс мөлшерінің (ол биыл 28284 теңге болып белгіленді) 54 пайызы (15274 теңге) төленіп отыр. Енді биылғы 1-шілдеден бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан артық болған әр жыл үшін базалық зейнетақының көлемі 2 пайызға артып, 33 және одан да көп жыл еңбек өтілі болған жағдайда ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болады. Қайта есептеу қосымша құжаттарды талап етпей жүзеге асырылады, яғни міндетті зейнетақы жарналарының аударылғаны туралы деректер базасындағы мәліметтер бойынша жүргізіледі.

Базалық зейнетақының жылдар бойынша белгіленген мөлшері «Нарын таңының» №50(3846) 14.12.2017 жылғы санында жарияланғандықтан қайталап жазбадық. «Базалық зейнетақы тағайындау барысында зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі ретінде не есепке алынады?» деген сауалға келсек, бұл жөнінде де аудандық газеттің осы жылғы №9 (3827) 01.03.2018 жылғы санында айтылған.

Осы жерде ауылдастар үшін айта кетуіміз керек бір жайт, «Міндетті жинақтаушы зейнетақы қорына» аударылатын он пайыздық жарна бір жылда 12 рет, яғни ай сайын аударылып отырылуы керектігі. Сонда ғана еңбек өтілі бір жыл болып есептеледі. Бұл салық кодексі бойынша жылына бір немесе екі рет есеп беретін, алты айдың жарнасын жинап бір рет аударатын жеке кәсіппен жұмыс жасайтын кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары үшін ескертіліп отырылған жағдай. Егерде зейнетақы жарнасын жылына бір немесе екі рет қана аударса (ай сайын уақытымен аудармаса) еңбек өтілі де тиісінше бір немесе екі ай ғана жұмыс жасалған болып есептелетінін қаперге бергім келеді.

Салық салуға қатысты Қазақстан Республикасының кейбір Заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар» енгізу туралы Қазақстан Республикасының №122-VI санды 25.12.2017 жылғы Заңымен «Міндетті әлеуметтік сақтандыру» туралы 25.04.2003 жылғы №405-Заңның 14-бабына өзгеріс енгізіліп, 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісінен жарна аудару 3,5 пайыз болып белгіленді.

Гүлбану Молдашева, «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығының» бөлімше басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521