Бір күнде екі баспана табысталды

Сейсенбі күні ауданымызда қос бірдей көпбалалы отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы қызметкерлерінің бір күндік жалақысы есебінен облыстағы бес аудандағы көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға баспана кілті табыс етілген болатын.

Исатайлық Б.Сүлейменов - он баланың әкесі. Бұған дейін аядай пәтерде тұрып келген жанұя отағасының тұрақты жұмысы жоқтығына қарамастан, көштен қалмай, ешкімге алақан жаймай, өз еңбектерімен ұл-қызын өсіріп-өндіріп келді. Аудан әкімідігінің қолдауы, аудандағы «Алтын тұғыр» қоғамдық қорының ұсынысы, қаржылай демеушілік жасаған «Ембімұнайгаз» компаниясы мұнайшыларының қамқорлығы аталған шаңыраққа шаттық сыйлады.

y

y

Баспана кілтін табыстауға компания төрағасы А.Жақсыбеков бастаған құрам арнайы келді. Отбасының есте қаларлық ерекше сәтімен бөліскен ауыл әкімі Ұ.Хисым мен А.Жақсыбеков жақсылықтың жалғасын табуын тілеп, баспана иелерін жаңа қонысымен құттықтады.

Одан соң Аққыстау ауылын бетке алған қонақтар екінші үйді табыстау салтанатына қатысты.

Аққыстаулық А.Оразақовтың отбасына баспана алып беру мәселесін бұған дейін «Алтын тұғыр» қоғамдық қоры көтерген болатын. Демеушілік қаржы жинау мақсатында танымал республикалық айтыскер ақындардың жекпе-жек айтысы, сондай-ақ, «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубы ұйымдастырған қайырымдылық турнирі өткенінен де ауыл жұрты хабардар. Білгеніміздей, қор жетекшісі түрлі себептермен бәсеңдеп қалған бастамаға қызметтік хат арқылы демеушілік көрсетуді өтінген екен. Ембілік мұнайшылардың да көздегені сол, басшылары қолдау білдіріп, нәтижесінде бұған дейін іргесінен сыз өткен бір бөлмелі жатақханада тұрып келген отбасы жайлы баспанаға қол жеткізді. Салтанатты шараны сөз сөйлеп ашқан мұнайшы ардагер, ауданның Құрметті азаматы М.Бектенов өзінің мұнайшы әріптестеріне шынайы ықыласын білдіріп, аталған отбасыға бұған дейін ниеттес болған «Алтын тұғыр» қоғамдық қорының жұмысына сәттілік тіледі. Одан соң сөз кезегі «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы А.Жақсыбековке жолданды.

y

y

- Қасиетті Рамазан айында қайырымдылық қылуды көздеп, осы істі қолға алдық. Аллаға шүкір, қазір мұнайшылардың жағдайы жаман емес, сондықтан, айналамызға да қарап, жоқ-жітіктерге қол ұшын беріп тұрған дұрыс. Осы мақсатта қызметкерлеріміз бір күндік еңбекақыларын аударып, аудандарыңыздағы қос бірдей аз қамтылған отбасының сауабын алып жатыр. Жақсылық жалғаса берсін, - деді компания төрағасы. «Алтын тұғыр» қоғамдық қорының төрайымы А.Қалиева демеушілік көрсетіп, қос шаңыраққа қуаныш сыйлаған ембілік мұнайшыларға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, жақсылыққа мұрындық болған акционерлік қоғамның басқарма төрағасы А.Жақсыбековке қор атынан Алғыс хат табыстады. Одан соң үйдің лентасы қиылып, кілті тапсырылды. Үй иесі А.Оразақов та қуанышын білдіріп, көп алдында толқынысты тілегін жеткізді.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Суреттерді түсірген Әбілмажан Шарапиденов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521