bannerqaz

Дана мен Абылайхан – жыл жүйріктері

Жастарға кешенді қолдау көрсету - мемлекетіміздің басты бағыттарының бірі.

Ол жайында Елбасы Жолдауларында жиі айтылып жүр. Ал, білім өз алдына, өнер, спорт саласына мектеп қабырғасынан бастап қызығушылық танытып, бойларындағы таланттарын ұлағаты мол ұстаздардың берген тәлім-тәрбиесі арқылы шыңдап жүрген шәкірттер мектептің ғана емес, ауданымыздың абыройы десек, артық емес.

Жыл тоғысында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен дарынды оқушыларды, олардың ұстаздары мен жастардың талантын шыңдауда қолдау білдірушілерді марапаттау мақсатында «Жыл жүйріктері – 2018» атты жылдың қорытынды шарасы өтті. Шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Асқар Құрманғали жиылғандарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ұстаздар мен оқушыларға алдағы жылы да сәттіліктер мен табыстар тіледі. – Елбасымыз «Дарынды балалар – еліміздің интеллектуалдық элитасын қалыптастыратын ұлттық құндылық» деген болатын. Біздің ауданымызда да дарынды, талантты жастарға барлық жағдай жасалып, ертеңгі ел болашағының ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген азамат болып қалыптасуына маңызды мән берілуде, - деп сөзін бастаған ол білім беру саласындағы нәтижелер төккен тердің жемісі екендігін атап өтті. – 2017 жылы өз жұмысын бастаған «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының балғын спортшылары мен жаттықтырушылары биік белестерді бағындырып, аудан мерейін үстем етуде. Жас өнерпаздарымыз да аз емес. Міне, осы тұрғыда алдағы уақытта Аққыстау ауылынан құрылысы бастау алатын «Өнер» мектебі де дарынды өнерпаздар дайындайтынына сенімдіміз, - деді аудан әкімінің орынбасары.

Асқар Құрманғали аудандағы оқушылар арасында спорттың дамуына зор үлес қосып жүрген бір топ азаматтарды аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Олардың ішінде спорт жанашырлары Самат Бақтығалиұлы, Дарын Еркінғалиұлы, Исатай ауылдық округі әкімі Ұлбосын Қабиболлақызы, ұстаздар Асқар Төлегенұлы, Нурия Хамзақызы, Шынаргүл Қадимқызы бар.

Ал, Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғаділ Боранбаев ауыл басшысы әрі ата-ана ретінде қол жеткеннің бәрі ауыл спортшыларының жарқын жеңісі деп білетіндігін айтып, оған еңбек сіңіріп жүрген азаматтардың бірі «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының директоры Асхат Жұмабековке ризашылығын білдірді.

Өткен жылда аудандық білім бөлімі барлық білім беру ұйымдарында облыстық, аудандық тәрбиелік шаралар өткізіп, облыс көлемінде жоғары нәтижеге қол жеткізгенін де айта кеткен абзал. Осынау жұмыстар мен ауқымды іс-шаралар легін ұсынған бейнекөрсетілімнен соң аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Мұханбеталиев білім беру саласында тер төгіп жүрген ұстаздар қауымына, өнер мен білімді қатар алып жүрген дарынды оқушыларға, балғын спортшыларға жылы лебізін арнады. Сөзінің соңында ол жыл қорытындысымен жетістікке жеткен ұстаздар мен оқушыларға облыстық білім беру басқармасы әдістемелік орталығының, сондай-ақ, Атырау аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығының алғыс хаттарын тапсырды.

Мерекелік тілегін білдіріп, әріптестеріне шығармашылық табыс тілеген аудандық білім бөлімінің басшысы Айбатыр Бекішұлы да бір топ мұғалімдерді аудандық білім бөлімінің алғыс хаттарымен марапаттады.

Шара барысында жас ұрпақты бұқаралық спортқа тарту, болашақ чемпиондарды тәрбиелеу мақсатында ауданымыздан ашылған «Барыс» балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубының да жыл бойына атқарған жұмыстары экраннан көрініс тапты. Бейнекөрсетілімнен кейін аталған клуб директоры Асхат Жұмабеков жиналғандарға тілегін жолдап, спорт саласында жетістікке жеткен ұстаздар мен оқушыларға алғыс хаттар ұсынды. Бұндай марапат жас спортшылардың әрбір жеңісті сәттерін газетіміздің бетінде жарияға беріп, оларды насихаттауда белсенділік танытып жүрген әріптесіміз, газет тілшісі Серікбол Панабердиевке де табысталды.

Мерекелік салтанат әуелеген ән мен күмбірлеген күйге толы сазды бағдарламаға ұласты. Ауданның танымал өнерпаздары мен жас әншілердің ән шашуларынан кейін кештің негізгі бөліміне кезек беріліп, жыл жүйріктері анықталды. «Жыл спортшысы» аталымына дзюдо, самбо, қазақ күресінен облыстың бірнеше дүркін жеңімпазы, 2018 жылы ІХ жазғы мектеп және колледж оқушылары арасында өткен республикалық спартакиаданың чемпионы, Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер Абылайхан Мейрамбекұлы лайық танылды. Ал, Ресейдің Астрахан қаласында өткен халықаралық телевизиялық "Золотой ключик» фестивалінің гран-при иегері, облыстық «Достар әні» вокалды-аспаптық ансамбльдер фестивалінің «Үздік әнші» аталымының, облыстық «Менің елім» әскери патриоттық ән, «Ақ шағала» би фестивалінің жеңімпазы Дана Кенжемұратқызы «Жыл өнерпазы» атанды.

Жоламан Дәулетияр

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

қараша 2019
ПВСЧПСВ
123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz