Денсаулық сақтауға ден қойылады

Елбасымыз Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауын жария етер қарсаңда біздің Исатай ауылына көліктік медицинаны дамыту мақсатындағы «Денсаулық» медициналық пойызы келген еді. Бұл да Елбасының бұдан бұрынғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауынан туындаған игілікті іс болатын.

Алматы, Ақтөбе және Атырау теміржол ауруханасының дәрігерлері тұрғындарды тегін тексеруден өткізіп, ақыл-кеңестерін берді. Пойыз жетекшісі Алия Абдышева айтқандай, ауыл тұрғындары стоматолог, УЗИ, терапевт, невропатолог мамандарына көптеп қаралды. Невропатолог дәрігер Қатыш Жаулыбаева мен Муслима Нургалиеваны үйден қарап, тиісті емдерін жазып берген. Ал ауылдық әкімшілік ауыл тұрғыны 90 жастағы Мусаева Қазима әжейді мүгедектер арбасымен пойызға әкеліп, окулист маманына қаралуын ұйымдастырды.

«Денсаулық» пойызы келгеніне ризашылықтары шексіз ауыл тұрғындары ертесіне жария етілген «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауды да әлеуметтік жағдайларды қозғаған, қолдаған құжат ретінде қабылдағаны анық дей аламын. Өйткені, Елбасы «медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналатынына» тоқталып, ауылдық жерлердегі медициналық көмекке көбірек мән берді. Ал алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсыруы да алдымен адамдардың денсаулығы үшін атқарылар жұмыстың сапасына жасалып отырған қолдау деп білеміз.

Рая МАҢҒЫБАЕВА,

Исатай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521