ЕЛ ШЕБІН КҮЗЕТУ – ЕРЕКШЕ МІНДЕТ

Елдің бір тұтастығы  мен бейбіт өмірін сақтауда айбынды сарбаздардың атқаратын рөлі ерекше. Отанды қорғап, күні-түні көз ілмейтін шекарашы қызметінің қашан да маңызы зор.  Жүректілікпен қатар, жылдамдықты, қырағылықты қажет ететін бұл қызметті нағыз ерлер атқаратыны сөзсіз. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай, мереке қарсаңында Атырау облысы бойынша департаментке қарасты  «Жанбай» шекара бөлімшесінің топ басшысы (застава старшинасы) Жарқынбек Есмұхановпен байланысқа шығып, әңгімеге тартқан едік.

– Жарқынбек Есмұханұлы, алдымен сізді атаулы мерекемен  құттықтаймын! Әдетте халқымыз Қарулы күштерді сырттай немесе ақпарат құралдарындағы мәліметтер арқылы біліп, танып жатады. Осы орайда, сіз әскер өмірімен жіті таныс сала маманы ретінде не  айтасыз? «Жанбай  шекара бөлімшесінің қазіргі тыныс-тіршілігі қалай ?

– Сәлеметсіз бе! Көп рахмет! Жалпы, «Шекарасы жоқ мемлекет – мемлекет емес» деп бекер айтылмаса керек-ті. Жер көлемі бойынша тоғызыншы орын алатын ұлан-ғайыр жерімізді ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаны баршамызға аян.Кезінде шекара деген атау, әскер болмағанымен, көзінің қарашығындай күзетіп, ұрпағына яки бізге аманат еткен. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі – құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Соның ішінде шекараны күзететін, арнайы тапсырмаларды орындайтын құрылым болып есептеледі. Ел шебі саналатын мемлекеттік шекараның  мәні мен маңызы қанша ғасыр өтсе де төмендемейді. Ресей Федерациясымен және Каспий теңізінің жағалауымен мемлекеттік шекара күзетіліп, тапсырмалар орындалуда.

Шекара қызметі бөлімшелерінің жай-күйі қазіргі таңда жақсы. Бұл шекара бөлімшесінде 30-ға жуық әскери сарбаз отан алдындағы борышын өтеуде. Сарбаздардың уақытылы тамақ ішуіне, тазалығына, киім-кешекпен қамтылуына біздің бөлімшеде толықтай жағдай жасалған деп айта аламын.

 

– Шекарадағы сарбаздардың жұмыс режимі қандай?

– Шекарадағы сарбаздардың жұмыс режимі жоспарға сәйкес және күн тәртібіне сай жүргізіледі. Оның ішінде дәріс-сабақтары, мәдени-спорттық, тәрбиелік шаралар уақытымен белгіленіп атқарылады.

Күннің батуы шекарада әдеттегі жұмыс күнінің бітуін білдірмейді. Керісінше, шекарашылар қырағылық танытып, кез келген уақытта қағылатын дабылға дайын болады.  Қазақ: «Жау – жар астында»,- дейді. Сондықтан бес қарудың бабында болуы шекарашылар үшін маңызды. Жоғарыда айтып өткендей, елді қорғау қызметі – мемлекеттің қауіпсіздік саласында жауапты қызмет. Атап айтқанда, әскер қатарына шақырылып, жеке құрамның қатарына қосылған жас сарбаздар жауынгерлік даярлық сабақтарынан, сонымен қатар әскери қызмет міндеттерін орындаудан және жалпы әскери  Жарғылардың қағидаларынан тәлім алады. Сарбаздың күн тәртібіне сәйкес, жас сарбаздар қатары ерте тұрып жүгіріп, дене шынықтырудың кешенді жаттығуларын жасауды үйренсе, күндіз нағыз сарбаздарға тән саптық әдіс түрлерін орындаумен іс жүзінде айналысады. Сонымен қатар, автоматты атыс қаруынан оқ атуға жаттығып, ашық алаңда жас сарбаздың әрқайсысының нысананы дәл көздеуі бағаланады.Одан бөлек, қазір елімізде болып жатқан ахуалға байланысты, тасқын суға қарсы жұмыстар күннен-күнге күшейтілуде.Соның ішінде біздің сарбаздар да жаға бекітуге білек сыбана кірісті.Қиын-қыстау күндерде біз де аянбай, қол көмекке ұмтылдық.Отанды қорғау -  әрине, бәріне ортақ.

 

– Әскер десек, соңғы кездері әлімжеттік көрсету мәселесі ойға оралатыны жасырын емес. Осы туралы не айтасыз?

– Шекарадағы әлімжеттік көрсету мәселесі біздің басты назарда әрі қатаң бақылауда. Барлық шекара бөлімшелерінде бақылау камералары орнатылған. Бүгінгі күні балаларын Отан алдындағы борышын өтеуге жібергісі келмейтін ата-аналар мен әскерге барудан жалтаратын жастар аз емес. Өйткені көбінің санасында кеңес заманынан қалып қойған фобия бар: әскерде жағдай қиын, тамағы мардымсыз, әлімжеттік үстемдік құрады. Осы секілді жайттар санасын билеп алған.Бұл дегеніміз – қате пікір. Қазіргі таңда сарбаздардың жағдайы жақсы. Әскери имиджге барлық әскери қызметшілердің айлық мөлшерлері көтеріліп, жақсы үйлермен қамтамасыз етілген және әрбір отбасы мүшесіне де қаржылай қолдау қарастырылған. Әскеріміздің имиджі күннен-күнге көтерілуде және осы қарқыннан таймай, әрмен қарай жоғары күшке ие болады  деген сенімдеміз. Негізі әскерге денсаулық жағдайы өте жақсы, әскери өмірге құлшынысы бар жастар тартылуы керек. Демек, Президентіміз айтқандай, қоғам болып жастарымыздың әскерге деген құлшынысын ояту керек.  Бізге алдымен осы жағын ойластыру керек сияқты. Жастарды айыппұл немесе әкімшілік шара берумен қорқыта бермей, өз еркімен баруға сұранатындай, қандай да бір тетіктер ойластырған абзалырақ.

 

– Өзіңіз туралы айтып өтсеңіз, бұл салаға қашан келдіңіз?

– Өзім Құрманғазы ауданы, Көптоғай ауылының тумасымын. Мектепті тәмамдағаннан кейін, 2015-2016 жылдар аралығында Тараз қаласындағы «Отар» жаяу әскери бөлімінде Отан алдындағы борышымды өтеп, онда наводчик оператор қызметін атқардым.Одан елге аман-есен оралған соң, «құқықтану» мамандығын оқыдым.Кейін араға жылдар салып, 2023 жылы 12 қаңтарда ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің Атырау  облысы бойынша департаментінің бұйрығымен барлаушы лауазыма тағайындалдым.Сол уақытта қызметті абыройлы атқарып, ағымдағы жылда  Жанбай шекара бөлімшесінде  старшина қызметін күні-бүгінге дейін атқарып келемін.Сондай-ақ, таяуда ғана Алматы қаласында сержанттар даярлайтын орталықта білімімді жетілдіріп,нәтижесінде «Бөлімше командирі» сертификатын иелендім.Алдағы уақытта үнемі ізденістерімді жалғастырамын. «Тәртіпке бағынбан құл болмас» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, кімде-кім тәртіпке бағынса, осал болмасы анық.Осы орайда, Атырау облысы бойынша департамент басшысы, полковник Әділ Әбесов пен «Жанбай» шекара бөлімшесінің басшысы, капитан Ерсайын Жұмағұлға алғысымды білдіре отырып, барша ел шебінде аянбай қызмет атқарып жүрген әріптестерімді атаулы мерекемен құттықтаймын.

 

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521