bannerqaz

Ержан Шеруенов: «Қазақстан-Атырау» – менің мақтанышым!

Телеарна – ұжымдық жұмысты талап ететін қызмет. Сондықтан экранның сыртында эфирдің реңін реттейтін өзге де мамандардың елеулі еңбегі жатыр. Әсіресе, ел игілігі үшін түсірілетін аса маңызды сәттерді объективінен қалт жібермейтін қырағы көз бейнеоператорлардың рөлі орасан. Осы орайда телевизия мерейтойы аясында «Қазақстан-Атырау» арнасының Исатай ауданындағы меншікті таспагері, әріптесіміз Ержан Шеруеновпен аз-кем тілдесіп, журналистика саласына келу тарихын білген едік:

- Тоқсаныншы жылдардың басында бейнетаспаға түсіру кәсібі қалыптаса бастады. Аққыстаулық Жұмабек Мечеев деген жігітке ағалары бейнекамера алып беріп, ауыл жастары сол камерамен түсіруді үйрендік. Ол «Panasonic-М40» деген өте жақсы камера болатын. Одан соң көп ұзамай тұщықұдықтық журналист, өлкетанушы Бектенов Мұрат ағамыз бізге де «Sharp» камерасын сыйлады, онымен де біраз уақыт машықтандық. Кейін облыстық телеканал ашылғанда жұмысқа шақырды. Алайда сол уақытта белгілі себептермен қызметке тұрудың реті болмады. Артынан, біраз уақыт өткесін аталған салаға аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің жолдауымен бардым. Ол кезде біз қолданған бейнекамералардың форматы VHS болатын. Әлі есімде, уақыт талабына сай алғаш цифрлық камералар шаға бастағанда, өзіме «Sony» маркалы шағын камера алдым. Қиын-қыстау кездері сол шағын жұдырықтай аппараттың арқасында той-томалаққа шығып, нәпақа таптық.

Телеарнаға жұмысқа тұру үшін 2009 жылы Атырау облыстық телерадиокомпаниясынан үш айлық арнайы курстан өту керек болды. Ол кезде «Қазақстан» РТРК Атырау облыстық филиалының директоры Әлібек Татанов ағамыз болатын. Мен барғанда телеарна цифрлық форматқа ауысып, DVCAM форматында түсіреді екен. Телеарна әкімшілігі мені сол кездегі жас оператор Айбек Өтемісов деген жігіттен үйренуге жіберді. Мен сол «DVCAMSony 170» маркалы камерамен түсірілімді үйрендім. Кейін аға оператор Талғат Қуанышев маған жаңа «Panasonic DVХ -100» камерасын тапсырды. Сол құрылғымен ауданда 5-6 жылдай жұмыс істедім. Қазір «Canon XL» камерасын қолданудамыз.

Міне, күні кеше сияқты болғанымен оған да он жылдай уақыт болды. Қазір телеарна өзгерді. Техникалық база нығайды, кесте уақыты ұзартылып, 17 сағатқа жетті. Түрлі жанрлар қамтылып, бейнефильмдер мен телевизиялық жобаларға жол ашылды. Бастысы – өнер жанашыры Әлібек Татанов ағамыз облысқа қарасты жеті ауданнан тілшілер қосынын ашуға қол жеткізді. Солайша аудандарда болып жатқан оқиғалар мен ақпараттар ғаламтор жүйесі арқылы лезде телеарнаға жеткізіліп, жаңалықтар қызметінің географиялық жүйесі кеңіді.

Әлібек ағамыздан кейін басшылық қызметке режиссер Асқар Әшімов ініміз келіп,ұжымда жаңартылған режиссерлік қызметтер ұйымдастырды. XDСAM камералар алынып, телеарна толықтай ленталық жүйеден арылды. Түсірілімнен таратылымға дейін біріктірілген толық жүйеге көшті. Үлкен жобалар қолға алынды. Соның ішінде тақырыптық бағдарламалар саны артты. Бұдан аудандар да шет қалмады. Атап айтқанда, «Жайық жауһарлары» бағдарламасына жерлестерміз Насихат Сүгірұлы, Жаңбырбай Бекмағанбетов, Ғибатолла Мәсәлімов, Меңдіғали Сүлейменов, ал Құрманғазы ауданынан Бақыт Қарабалина, Мақаш Бекмұқанбетов, Жұмекен Нәжімеденовтер туралы түсірілімдер жасадық. Олар бүгінде телеарнаның алтын қорында сақтаулы.

«Қазақстан-Атырау» телеарнасы – менің мақтанышым. Әрине, әркімге өзінің қарашаңырағы ыстық қой. Өздеріңіз байқағаныңыздай, соңғы жылдары телеарна заманауи техникалық мүмкіндіктерді пайдаланып, дүниеге барлық жастағы көрермендерге арналған хабарлар мен бағдарламаларды әкеліп жүр. Өз жерлесіміз Сайфеден Сидеғалиев ағамыздың «Туған жер» атты тақырыптық бағдарламасы соның айғағы. Қазақстанда көгілдір экранның сәуле шашқанына биыл – 60 жыл. 1958 жылы алғашқы хабарын таратқан сала қызметіне бар ғибратты ғұмырын арнап, көркейіп-кемелденуіне өз үлесін қосқан дарынды тұлғалар таспалы тарихта аз емес. Осы орайда барша ұжымдастарды, ақпарат құралдары өкілдерімен қоғамдық тілшілерді шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіз еліміздің әрбір қуанышты сәттерін көруді жазсын!

Аслан Мұратұлы

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

тамыз 2019
ПВСЧПСВ
1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz