Көріседі - табысысын ырысың деп, оң болсын ұлысың деп!

Көрісу – қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі, қазіргі тілмен айтсақ мейрамы. 

Бұрындары қыс бойы қыстауда болып, шаруасын күйттеген қазақ күн өзінің қаталдау райынан қайтып, көктемнің жылымық кезеңі басталуын асыға күтеді екен. Сөйтіп, наурыздың 14-інші жұлдызынан, ескіше жыл санауы бойынша жаңа жылдың басталуы деген ұғыммен көрісе бастайтын болған.

Еліміздің батысында «Көрісу» аталып, кей жерлерінде «Қауышу күні» делініп те кеткен бұл дәстүрді маңғыстаулық ағайындар «Амал» деп те атайтын болған. Тіпті, соңғы жылдары ондағы жұрттың жұмылуымен Отпан тауда арнайы мереке ретінде «Амал күні» өткізіліп жүр. Дәстүрге дендей енген жергілікті жұрт бұған шынымен қуанулы екені айтылып та, жазылып та келеді.

Осы Көрісу күні Қазақстанның тек батыс өңірлерінде ғана емес, Ресейдің Астрахан, Орынбор, Самара, Омбы секілді аумақтарында, Түркіменстанның Қазақстанмен шекаралас аймақтарында, Қарақалпақстанда да аталып өтеді екен.

Осы өңірлердің барлығы да біздің қазекеңдер қоныстанған, әлі де мекен етіп жатқандары баршылық жерлер екенін ескерсек, бұл тек біздің халқымызға ғана тән дәстүр болғанын пайымдауға бол-ғандай. Еліміз бойынша бұл атаулы күндер тізбесіне қосылмаған демесек, біздің ауылдастарымыз да, басқалар да осы күні бір-бірімен көрісіп, мәре-сәре болып қалады.

Көрісудің ерекше бір тәртібі де жоқ, тілеулес жұрт бір-бірінің қолдарын қысысып, құшақтарын айқастыра қауышу рәсімін жасасқан. Сол 14 наурыз күні таңертең ертемен жасы кішілер жасы үлкендердің үйлеріне барып көрісетін болған. Пайғамбарымыз да жасы кіші адамның жасы үлкенге қол беріп сәлемдесуін құптайды. Бұл амандасуда ең үлкен сауап жасы үлкенге берген сәлем жасы кішіге жазылады дейді. Бұл күні кем дегенде үш үйге кіру міндет делінетіні де бар. Сол күні әр үйде бауырсақ пісіріліп, қазан қайнатылады. Бір-бірімен қуана қауышқан үлкен-кіші «Жасыңыз құтты болсын!», «Бір жасқа шығуыңызбен!» деген тілектер айтса, көрісуді қабыл алушы жақ, яғни үлкендері «Жастан-жасқа жете бер!», «Жасыңа жас қосылсын!» деп ниет-тілекке ризашылықтарын білдіріскен. Жас келіндер жағы жасы үлкен қайнағаларының қолдарын алмай-ақ иіліп, тізелерін бүгіп сәлем еткен. Міне, сізге, сыйластықтың, шынайы тәрбиенің көрінісі!

Тағы бір ерекше айтыла кетуі тиіс жайт Көрісу кезінде бұдан бұрын араларына кірбің түсіп, әлдеқандай себеппен ренжісіп қалғандар да бір-бірімен көрісетін болған, яғни аппақ ниет, түзу тілекке ешкім қарсы тұрмаған ғой. Соның арқасында екі жақтың да реніші тарқасып, қабақтары ашылатын болулы. Осыған бақсақ, бұл күн – татулық пен ынтымаққа, бірлікке бастайтын күн. Осы жерде елдің бірлігі болмаса берекесі кететінін, ынтымағы молайса ырысы жететінін Елбасымыздың өзі де ұдайы айтып жүретінін ескерсек, соған бастайтын бұл мерекеміз де елеусіз қалмауы тиіс десек болады. Оның қазір Қазақстанның өзге өңірлерінде де көрініс бере бастауы соған куә.

Бір қуаныштысы әрі құптарлығы – Көрісу тек бір күнмен ғана шектеліп қалмайтындығы. Ол жыл бойына жалғаса береді. Алыстағы қимас ағайындарға барып көрісудің өзі бір ғанибетті әрі міндетті істей. Тіпті, арнайы келіп көріспеген кішіден көрісу дәметіп, ренжитіндер бар. Осының өзі-ақ оның ортамыздағы салмағы аз емесін аңдатады әрі қуантады. Сыйластығы өз алдына, сол күні не содан кейін көп ұзатпай үлкендерге болмаса сырқаттанып қалып жатқандарға барып көрісудің өзі азаматтық істің біріне жататыны да анық.

Шындығы керек, қазір арамызда жүрген өзге ұлт өкілдері де қазақпен қуана көрісіп жататынын көріп қалып жүрміз. Елдің ынтымағы деп осыны айтса лазым.

Міне, ешбір жарлықсыз не бұйрықсыз еншілеген ерекше мерекеміз де басталды. Жоғарыда айтылғандай жыл бойына жалғасатын бұл дәстүр татулық пен ынтымаққа, бірлікке бастайды бізді. Ендеше, бір жасыңызбен, ауылдас! Келіңіз, көріселік!

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521