ҚАМДАНҒАН ҚАПЫ ҚАЛМАЙДЫ

Үстіміздегі жылдың 17-18 сәуір күндері Аққыстау және Тұщықұдық ауылдарын Жайық өзенінің су тасқынынан қорғау үшін алдын ала жасалып жатқан жұмыстардың бел ортасында болдым.

 Кеңшар кезінде құмға қатынау үшін Нарын каналына салынған Қанаш көпірінің екі жағында жүріп жатқан топырақтан бөгет салу және оны бекіту жұмыстарына жүздеген адам (мекемелер қызметкерлері, еріктілер) жұдырықтай жұмылған. Алыстан қарасаң, бейне бір кинодағыдай. Тұщықұдықтықтар ауылды айналып, Қанаш көпіріне дейін, ал аққыстаулықтар Қанаш көпірінен Өркен ауылын айналып, теміржолға дейін тұрғызылған бөгеттерді топырақ толтырылған қапшықтарды дестелеп қою арқылы бекітуде. Су келген жағдайда бөгеттің топырағын су шайып кетпес үшін және берік ұстап тұруы үшін астына целлофан төселіп, қапшықтар соның үстіне қойылып жатыр. Жұмысшы-қызметкерлер мен еріктілер негізінен қапшыққа топырақ қаптаумен айналысады. Ол үшін бөгет жанына жағалай автокөліктермен қатар-қатар төгіліп қойылған топырақтар лезде таусылады да, келесіге ауысып отырады.

 

АҚҚЫСТАУ. Топырақ қаптау жұмысына көмектесу үшін мен де бір топқа қосылдым. Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті мекемесі мен аудандық малдәрігерлік бақылау мекемесінің қыз-жігіттері екен. Бірі қапшықтың аузын ашып тұрса, екіншісі күрекпен топырақ салады. Қаптаудың да өз тәртібі бар, топырақты толтырып салмау керек, аузын байлағанда үстіңгі жағында белгілі бір бос орын қалуы керек. Бөгетке салған кезде қапшықтар тас томалақ болса, бір-бірімен жымдаспайды, араларынан су кетеді.

Топтағылар негізінен қыз-келіншектер болса да, қимылдары ширақ, санаулы минуттарда қапшықты толтырып, қаздай тізіп жинап қойып жатыр. Бір ауыз артық сөз жоқ, ойлары - уақытты тиімді пайдалану. Тобымыз түсқайта Аққыстау ауылдық округінің қызметкерлерімен толықты.

Екі жанымызда жарысып жұмыс істеп жатқан осындай топтардың Аққыстау орта мектебінің, балабақшаның қызметкерлері екенін білдім. Ал бөгеттің бойында осындай оншақты топ қапшық қаптап жатты.

Жұмыстың кідірмеуіне барлық жағдай қарастырылған. Шағын тіркеме тіркеген жеңіл автокөліктер жағалап жүріп, қапшық, күрек, т.б. қажетті заттарды жеткізеді. Шаң көтерілмес үшін бөгет басында жұмыс жасаушыларға солар ғана қатынайды.

Жұмыс басында киіз үй тігіліп, онда түстік, кешкі тамақ ұйымдастырылуда. Адамдар кезегімен тамақтанып, шығып жатыр. Олардың арасында өзбек, қарақалпақ ағайындар да көзге шалынды. Олар да су тасқынынан қорғану шараларына қолғабыс жасауда екен. Жұмыс басында да сусын түрлері, картоп, капуста, бауырдан пісірілген бәліш таратылып жатты.

ТҰЩЫҚҰДЫҚ. Ауылдың оңтүстік-шығысындағы Телемген қауымы қасындағы сайдан бастап салынған бөгет Қанаш көпіріне жетіп жығылған, біраз қашықтық бар. Бөгет биік етіп көтеріліп, үсті трактормен тапталған. Мен бір күн Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің жұмысшылары мен мұғалімдері тобында топырақ қаптауға көмектестім. Бұл ауылдық округте аудан орталығындағыдай мекеме-ұйымдар көп болмаса да, еріктілермен бірлесе қимылдап, белгіленген ауқымды істерді тастай ғып атқаруда. Жоғары сыныптың оқушы ұлдары да ата-аналарының келісімімен, мұғалімнің  қадағалауымен көмекке келуде.

Жағалай қапталып қойылған қапшықтар таусылмайтындай көрінгенмен, бөгеттің бетіне салу үшін ұзын тіркемелі «КамАЗ» автокөлігіне тиеліп, тасымалданған кезде азайып қала береді. Артынша қайта толады.

Мұнда да ұйымдастырушылар шапқылап жүр, күрек, қапшық, сусын, жеңіл тамақ үзілмейді.

Ауыл адамдары бөгет басына топырақ қаптауға көмектесу үшін автокөлік күтіп отырмайды, біз түстікке үйлеріне жаяулап кетіп бара жатқандарды көзбен көрдік. Олар жылдамдатып ауқатын ішіп, қайта оралып жатты.

Ал ауылдың Разведка мөлтекауданының тұрғындары Бақсай каналының жағасын бекіту үшін қапшыққа топырақ қаптау жұмысын мөлтекаудан ортасында ұйымдастырған. Осы жерден техника көмегімен қапшықтар тиісті жеріне жеткізіліп, салынады.

Біз жолыққан ауыл шаруашылығы саласының ардагері, «Исатай ауданының Құрметті азаматы» Шәріп Сыдихов: - Мен осы ғұмырымда Жайықтың, Каспий теңізінің тасуын бірнеше рет көрдім. Ол кезде де қам-қарекет жасалды ғой, кеңшар бар дегендей. Ал биылғы Жайық өзенінің тасуынан күтіліп отырған қауіптің алдын алу жұмыстарына әр ауыл, әр аудан тайлы-таяғы қалмай жұмылуда. Халқымызда «Қамданған қапы қалмас» деген сөз бар, қауіп-қатерден аман болайық,-деді.

Бізде де осы тілек. Ауыл-аймақтың бірлігі бұл қиындықты да жеңеді деп ойлаймын.

 

Мәди ӨТЕҒАЛИЕВ,

мемлекеттік қызметтің ардагері

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521