Қамысқалалықтардың алпыс пайызы өздерінің еріктерімен бөгет тұрғызуға қол ұштарын созуда

Бүгіндері Жайық өзені мен Иреклі су қоймасынан келетін судың көтерілуіне байланысты сәуір айының басынан бастап, Х.Ерғалиев ауылы бойынша Бақсай және Нарын каналдарының  жағалауларын  биіктету жұмыстары жалғасуда.

Осыған сәйкес көктемгі су тасудың алдын алу мақсатында Қамысқала ауылдық округінде 32 адамнан тұратын жедел топ құрылған еді. Әрбір топқа учас-келер бөлініп, олар ұзындығы 9,2 км бөгет тұрғызуға кірісіп кеткен. Қазір канал бойында негізгі жұмыстар бітіп, оларды қапшықтармен бекіту, бөгет үстін тығыздау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл іске ауылдың үлкендері де ақыл-кеңестерін беруде. Ал су тасқынынан қорғану жұмыстарына  жұмыла кіріскен ауыл азаматтары,  жергілікті тұрғындар мен ерікті жастар күн-түн демей, мігірсіз еңбек етіп, белсенділіктерін танытуда. 

 

Қуанғали Нәубетов, жедел топ мүшесі: -Ауылда қазір төрт мыңдай тұрғын бар. Соның ішінде алпыс пайызы өздерінің еріктерімен бөгет тұрғызуға қол ұштарын созуда. Күні бүгін 60 мыңдай қапшыққа топырақ қапталып, ол өзектің бойындағы балдың ішкі жағына соғылып, бөгет жасалуда. Сондай-ақ  арнайы бөлінген техникалар топырақтан дамбы тұрғызуда. Қазір барлығы 27 техника бір мақсатқа жұмылдырылуда. Олардың ішінде Атырау қаласынан да, Оңтүстік Қазақстан облысынан да келген техникалар бар. Бәрі де жұдырықтай жұмылып, өздеріне тапсырылған міндеттерді тиянақты орындауға ұмтылуда.

Жалпы Жайық бойынан Нарын, Бақсай каналдарынан келетін су алдымен осы Қамысқала ауылдық округінің жеріне бірінші жетеді. Нарын каналы арқылы су ауылдық округке қарасты елді мекендерге тараса, Бақсай өзегі арқылы келетін су Х. Ерғалиев ауылын екіге жарып өтеді. Сондықтан ауданға көмекке келген техникалар Қамысқалада дамбы тұрғызуға бар күштерін салуда. Мәселен, қазір Шымкент қаласы әкімінің көмекке жіберген «Шымкент сити строй» мекемесінің арнайы техникаларының бәрі де осы ауылда жүр.

 

Ерікті «Шымкент ситистрой» мекемесінің өкілі Абдыраш Тобағабылов: - Су тасқынынан  қорғану үшін бөгет тұрғызып жатырмыз. «Шымкент ситистрой» компаниясынан келдік. Бізде қазір 9 самосвал, 24 погрузчик, 3 экскаватор күні-түні жұмыс істеуде. Х.Ерғалиев ауылында 4 шахман, 2 погрузчик жұмыс жасап жатыр. Жататын орындарымыз жақсы. Жергілікті тұрғындар да қолдан келген көмектерін аямауда. Округ әкімі Рафиғат Тәжиденованың айтуынша, қазіргі уақытта Қамысқала ауылдық округінің аумағында 9 шахман, 5 КамАЗ, 2 экскаватор, 1 бульдозер, 3 гидромек, 6 погрузчик, (2 үлкен 5 тонна, 4 шағын 2 тонна) 1 трактор тынымсыз жұмыс жасауда.

                                                                     

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521