Қазаншұңқырды көміп берді

Қазақта «Тыңдалмаса сөз - жетім» деген де нақыл бар.

Шынында да солай, арагідік жанымызға батқан жағдайлар жайында түрлі жиындарда болмаса арнайылап барып айтып, әкімдердің құлағына салып жүргенімізбен, жүзеге аспай қалатындары аз емес.

Сондай жанымызға батқан жайттың бірі – аудан орталығының өзіміз тұрып жатқан «Сельхозтехника» мөлтекауданындағы күні кешеге дейін сорға айналып, оннан-мұннан әкеп төгілген түрлі күл-қоқыстары иістеніп, айналаны әбігерге салған қазаншұңқырдың «жыры» еді. Бұл өзі осыдан 49 жыл бұрын ауыл үстімен өтіп жатқан теміржол бойынан жүк түсіретін тұйықтар (тупиктер) салу үшін қазылып, топырақ алынған орындардың бірі болатын. Осы Аққыстауда осындай бірнеше шұңқыр болғанын білеміз.

Тіпті, мал өлекселеріне дейін әкеп тастайтын болған әлгі қазаншұңқырдың әбігері аз болмады. Ондағы шіріген қоқыстың иісі, әсіресе, жазғы мезгілде айналасындағы тұрғын үйлер тұрғындарын дұрыс демалдырмайтын, былайынша айтқанда, тұншықтырып бітетін болды. Ал, тұрғындардың арасында ауру-сырқаулы үлкендер, шиеттей балалар да барын айтпауға болмас. Біз күні кешеге дейін қалыптасқан осы жағдайды басшыларға айтумен шаршадық, алайда, бұрынғылары айтылған сөзге құлақ асып жарымады.

Енді міне, Аққыстау ауылдық округінің қазіргі әкімі Ғаділ Боранбаев мырза біздің берген арызымызды қанағаттандырып отыр. Әрине, бұған аудан әкімінің де қолдауы болған болар деп есептеймін. Пәлен жылдан бері жүзеге аспай, әбден жүйкені жұқартқан шаруа айналасы 1-2 айда тап-тұйнақтай етілді. Әкім сорлы шұңқырды түгел көмдіріп, тұрғындардың үлкен ризашылығына бөленді. Ертелі-кеш сол жұмыстың басы-қасында жүрген Өтеміс Рыспаев, Серікқали Есмағанбетов сынды азаматтарға да тұрғындардың алғысы көп.

Асылы, халық арасында соңғы уақытта жиі айтылатын болған «әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз де осындайдан шыққан болса керек. Ауыл әкімінің алдағы уақытта да өзінің ісімен көптің көңілінен шыға беруіне тілеулеспіз.

Бір топ тұрғындар атынан: Қадыржан ХАМЗИН,

зейнеткер

Аққыстау ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521