bannerqaz

Мұғалім мәртебесі биіктейді

Ұстаздар туралы қоғамда ой көп. Екіжақты пікір, қарама-қайшылық, өзара бітіспес даудың да тақырыбына айналып үлгергелі қашан.

Ал, Елбасы Жолдауында ұстаздар мәртебесі жайлы арнайылап айтылуы осы түйткілдің түйінін шешкендей болды.

Мұғалім мәртебесі туралы заң қабылдау бұрындары тек талас-тартыстың шеңберінен шыға алмай жүрсе, Президент пәр­мені арнайы заң шығаруға итермеледі. Оны Елбасы былайша түсіндіріп берген еді:

-  Бұл заң мұғалімдерді және мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлерін ынталандыратын барлық тетіктерді қарастыруы керек. Жүктемені қысқартып, қызметтен тыс тексерістерден арылту керек. Тыңдаңыздар, мұғалімдерге бүгінгі таңда барлық жұмыс жүктеле береді. Сайлауды өткізетін - мұғалімдер, үгіт-насихатты жүргізетін - мұғалімдер, бір шаруаны атқару керек болса - мұғалімдер… Ол үшін ешкім де оларға ақша төлеп жатқан жоқ. Оларды бұл жүктемеден арылту керек. Олар сабаққа дайындалып, тиісті уақытында жұмыс істеуі керек. Тынымсыз тексерістер де бітпейді. Міне, заң осыларды тоқтату үшін керек.

Елбасымыздың тапсырмасы бойынша мұғалімдердің мәртебесін арттыру мақсатында Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес жұмысшы тобы құрылған болатын. Оның құрамында мемлекеттік органдардың мұғалімдер құқығын қорғайтын кәсіподақ өкілдері және мектеп директорлары мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мамандары бар.

Бұл жұмысшы топтың басшысы, Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева өткен бейсенбіде Атырау қаласындағы Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында облыс мұғалімдерімен кездескен болатын. Екі күнге созылған кездесу барысында «Мұғалім мәртебесі туралы» заң жобасы таныстырылды. Спикердің хабарлағанындай, мұғалімдерге қатысты мәселелердің барлығы да тұжырымдамадан табылады. Жиында ұстаздар көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдап, оларға тұшымды жауаптар алды.

Аталған заң 6 тараудан, 21 баптан тұрады. Білгеніміздей, «Мұғалім мәртебесі туралы» заң жобасын талқылауға жалпы саны 40 мыңнан астам ұсыныс түскен екен. Сол ұсыныстардың ішінен іріктеліп алынған 8 мыңы жобада қамтылған көрінеді.

Жұмыс тобы өкілінің хабарлағанындай, бұнда өзге заңдардан ерекше бірнеше бап бар. Соның бірі – ұстаздардың әлеуметтік жағдайына қатысты жергілікті әкімдіктерге біраз құқықтар берілетіні. Кейбір жергілікті атқарушы органдар мұғалімге жеке сыйақы, жергілікті бюджеттен пәтер бергісі келсе, бұл әрекеттерді заңдастыру көзделіп отырғаны айтылды.

Бұрын жылына бір өтетін «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздарына ғана пәтер, сыйақы берілетін болса, жаңа заңда бұл мәселе басқаша қаралатын болады. Тағы бір жаңалық, ұстаздардың балалары мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына кезексіз бара алады екен. Жақсы мамандардың барлығы мұғалім бола алмайды. - Бұл мұғалімнің кәсіби өсуіне мүмкіндік жасау тетіктерінің көбейгендігі, - деген вице-министр мамандарды қайта даярлау бұрынғыдан да өзгеше тәртіппен жүретінін де түсіндіріп өтті.

Бүгінгі таңда ұстаздарға деген әртүрлі төмендетушілік әрекеттердің орын алып жатқанын ғаламтор желісінен көріп-біліп жүрміз. Алайда, оларға алынып жатқан шаралар жоқтың қасы. Ұсынылып отырған жаңа заң бұндай бейберекет істерге, дәлірек айтқанда, мұғалімді басынушылар жазасыз қалмайтын болады.

Бейнеті көп бала тәрбиесі мамандарының жалақысын көтеру жайы да - педагог-мамандарға жасалатын қамқорлық.

Мұғалімдердің зейнет жасы жайы әлі де талқылануда. Ал, ұстаздарды сенбіліктер мен қағазбастылықтан «құтқару», олардан басы артық қағазды талап етуді жою - мәселесінің қарастырылып отырғаны да толғағы жеткен түйткіл десек те болатындай.

Жалпы аяқталып қалған Заң жобасы осы жылдың маусым айында қабылдануы тиіс.

Бұл жиыннан ұстаздар қауымы ерекше қамқорлықты сезініп, марқайып қайтты. Мемлекет басшысының бұл бастамасы - ұлт үшін өміршең дүние. Өйткені, елдің іргесі берік, болашағы жарқын болуы үшін алдымен білімді ұрпақ қажет. Ал, олар тәлімді ұстаздар арқылы көбеймек.

«Алты алаштың баласы бас қосқанда қадірлі орын - мұғалімдікі» деп Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев айтқандай, болашақта ұстаздарға көрсетілетін сый-құрмет ерекше болады деп сенеміз.

Гүлайна ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,

Абай атындағы орта мектебінің директоры.

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

қыркүйек 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz