Мал ауруы мазалап тұр

Облыс көлемінде бруцеллез індетінің ауыл шаруашылығы жануарларының арасында таралып қана қоймай, адамға жұғуы жағдайлары көбейіп отыр.

Мамандар Исатай ауданында да аталған індет бойынша эпизоотиялық ахуалдың күрделеніп, соның ішінде, биыл Забурын және Исатай ауылдық округтерінде ауруға бейім жануарлар саны артып отырғандығын айтады. Бұл туралы «Ауыл шаруашылығы жануарларының бруцеллезі індеті және оның таралуының алдын алу шаралары» тақырыбында тұрғындармен түсінік жұмыстарын одан әрі жетілдіру мақсатында ауданымызға қарасты Исатай және Забурын ауылдық округтерінде семинар-кеңесте сөз болды.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге» үндеген мамандар, бруцеллез індетінің жұғу жолдары, аурудың белгілері, оны анықтау тәсілдері жөнінде де түсінік берді. Аурудың созылмалы түрде, сыртқы айқын белгілерсіз өтетіндігі, дертті анықтау жануардан алынған қан сынамасын зертханалық тексеру жолымен ғана мүмкін болатындығы сияқты ерекшеліктеріне сай тұрғындар иелігіндегі малдарынан жүйелі түрде қан алдырып, тексертіп отыруды дағдыға айналдырулары керек. Мамандар сонда ғана індеттен сақтану мүмкін болатындығына, көбінесе аурудың сырттан әкелінген мал арқылы енуі жағдайларының тіркелетіндігінен жануарлар тасымалына қатаң бақылау мен қадағалау жүргізілуі қажеттігіне тоқталды.

- Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңына сәйкес, республикалық бюджет қаражаты есебінен, Қазақстан Республикасы Үкіметімен бекітілген тізбесі бойынша, адам мен жануарларға ортақ аса қауіпті аурулардың алдын алу шараларын жүргізу қызметін аудан бойынша біздің «Исатай аудандық ветеринариялық стансысы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асырады. Кәсіпорынның негізгі қызметі – жүйелі түрде ауыл шаруашылығы жануарларының адамға жұғатын індеттік ауруларға қарсы диагностикалық зерттелуін, аса қауіпті аурулардың алдын алу шараларын жүргізуді қамтамасыз ету арқылы тұрғындарды жалпы аурулардан қорғауға, жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша барлық адамзат үшін еліміздің эпизоотиялық салауаттылығын арттыруға бағытталған, - деді бізге аталған бөлім басшысы И.Мардашев.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521