Мешіттің салынуына ауыл үлкендері неге қарсы?

Жыл басында Зинеден ауылында өткен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының ашық есік күнінде ауыл тұрғыны (атын атамауды жөн көрдік) бүкіл зинедендіктердің атынан бір мәселе көтерді.

Оның айтуынша, жастардың дені ауылдан мешіт салынса деген ұсыныс тастап жүрген көрінеді. Ал, үлкендер жағы намазхандардың басын біріктіретін құлшылық орнының қажеті жоқ деген пікірде. Тұрғынның айтпағы мынау: ауылға мешіт тұрғызылса, ол орын қаптаған діни ағымдардың орталығы болып кетуі мүмкін. Тіпті, ғибадатхананы солар иемденіп алуы да ғажап емес. Сондықтан, аудан әкімі бұнда мейлінше мешіт салдырмауға ықпал етсе.

Әркімнің өз ой-пікірі бар, оны айтуға да қақылы, әрине. Дейтұрғанмен, бес уақыт бойы айналаны бүкіл жын-шайтаннан аластатып тұратын Алланың үйінен бас тартуға не себеп?

erlan20

Ерлан Махсотов, Зинеден ауылдық округінің әкімі: - Ауылға мешіт салуға ниетті демеуші азаматтар бар. Құлшылық орнына құлшыныс білдірушілер де, оны қажет етпейтін тұрғындар да жоқ емес. Жақында зинедендіктердің атынан ауылға бір мешіттің керектігін айтып облыстық дін істері басқармасына өтініш хат та жолданған. Хатқа 106 адамның қолы қойылған. Ал, бұған қарсылық білдірген тұрғындар хатта ұсыныс білдіргендердің дені жастар екенін алға тартады».

em12

Ерболат Насимуллин, ақпараттық талдау орталығының аудандағы өкілі: - Мешіт – имандылық орталығы. Онда мұсылманшылық, мейірімділік, бауырмалдық насихатталады. Қазіргі жастар мешіттің салынғанын қалайтыны шындық. Бұл олардың дінге деген сұранысының жоғарылығын білдіреді. Сондықтан, Зинеден ауылындағы халықтың белгілі бір бөлігі, әсіресе, қарттар жағының қарсы болуы бұл мешітке, дінге деген ескі көзқарастың, әлі де сақталған керітартпа пікірлердің әсері деп ойлаймын. Мысалы ол орынды теріс діни ағымдағы азаматтар жаулап алады, солардың орны болып қалады деу теріс түсінікті білдіреді. Қазіргі кезде мешітті, имамды бақылап отыратын Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы, мешіт басшылығын талапқа сай білімі мен білігі, халықпен жұмыс жасау қабілетін анықтап, бағалап отыратын ұлттық қауіпсіздік комитеті, дін істері басқармасы, ақпараттық талдау орталығы сияқты мекемелер бар. Сондықтан имамдар халықтың ислам дінін мойындап, ауылда имандылықтың қанат жаюына мұрындық болады. Сол себепті мешіт салу мәселесіндегі керітартпа пікірлердің болмағаны дұрыс деп ойлаймын.

shalkarimam20

Шалқар Дәулетханұлы, ауданның бас имамы: - Айта берсек, мешіттің қасиеті жөнінде Құран аяттарынан да, Пайғамбар өситтерінен де сөз жетерлік. Құлшылық орнын салуға үлес қосқан адамның да таудай сауапқа кенелетінін білеміз. Сол үшін де ақылды және ауқатты мұсылман ауылдарға мешіт соғып, ақыретке сарқылмай барып тұратын сауапқа қол жеткізгісі келеді.

Мына бір қисса есіме түсіп отыр. Түркияда Стамбул қаласында «Жегендей болдым» деп аталатын кішігірім мешіт бар. Бұл мешіт Осман Империясы кезінде шамамен XVIII ғасырда салынған. Мешіттің салыну тарихы өте қызық.

Сол кездерде орта табысты кәсіпкер кісі «Тәубе» сүресінің 18-аятындағы: «Алланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға, ақырет күніне иман келтірген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан ғана қорыққан кісі тұрғызады. Міне, солардың тура жол табушылардан болып, жетістікке жетуі үміт етіледі» деген сүйіншіні естіп, өзі де мешіт салуды қалайды. Сөйтіп, ақша жинай бастайды. Күнделікті тұрмысындағы қажеттіліктен тыс қандай да артық нәрсе жеуді қалағанында нәпсі қалауларын тыңдамай, өз-өзіне: «Жегендей болдым (жедім деп есепте)!» деп, соның ақшасын бір шетке жинай береді. 20 жылдан соң жинаған ақшасы кішігірім бір мешіт салуға жететіндей болады. Сол қаражатына Стамбул қаласының Кырбаджы көшесінде бір мешіт салдырады. Бұл мешіт халық арасында «Жегендей болдым» деген атаумен аталып кетеді.

«Шегірткеден қорыққан егін екпейді» деген сөз бар. Сондықтан, қандай жағдай болмасын, мешіт салдыруға қарсы шықпай, керісінше қолдау білдіруіміз қажет. Және ол құлшылық орнының Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының қарауында болатынын ескергеніміз жөн. Түптеп келгенде атамыз қазақ айтқан: «Аллаға жағайын десең, азаның болсын» деген нақылды есте сақтауымыз керек.

didar20

Дидар Есмұханов, Жанбай ауылдық округінің әкімі: - Жанбай ауылынан бір жаңа мешіт бой көтеруде. Мешіт ғимаратын салу жайлы бастама көтерілген тұста ауыл ардагерлерінің басын қосып, олармен ақылдасқан болатынбыз. Ақсақалдарымыз бірауыздан құптайтындықтарын айтып, келісімдерін берді. Ауылдың кәсіпкер азаматтары, белсенді намазхандарымыз бар, бәрі жұмылып қолға алған нысанға қаржылық қолдауды да тұрғындар жасады. Қаржысы барлар қаржылай, жоқтары қол күшімен атсалысып, қасиетті шараға біркісідей қолғабыс қылғандары көңіл қуантады.

Бүгінде мешіттің қабырғасы қаланып, төбесі жабылып, ішкі сылақ жұмыстары да аяқталған. Жарығы тартылып, жылуы да жүргізілген. Суы да жүргелі жатыр. Сырты әшекей тастармен қапталуда. Дәретхананың да есік-терезелері мен ішкі жұмыстары қалып тұр. Бұл мешітке нақты мына адам демеушілік қылып, құрылысын мойнына алып, бар жұмысын атқарып жатыр дей алмаймыз. Бәрі ауыл халқының бірлігімен бітуде. Бірі төбені, бірі есік-терезені, енді бірі ішкі жұмыстарды бөліп алып, кімнің қандай көмегі бар, қолдан келгенше аянып қалмауда. Жыл он екі ай бойына жалғасып жатқан құрылыс үзіліссіз жүріп жатыр. Жаңа мешітті Рамазан айының ішінде ашсақ деген жоспар да бар. Тіпті бір кәсіпкер азамат алдағы уақытта мешіт имамының баспанасын салып беруді де өз мойнына алатынын айтыпты.

meshit2003

PS. Рас, бір жылдары намазхандар арасында біраз дүрбелеңдер болып, діннің парқын түсінбегендер дүйім жұртты дүрліктіргені бар. Одан кейін де Құран мен Сүннеттегі тура жолды мүдделер қақтығысы орын алған Сириядан іздеп маңдайын тау мене тасқа соққандар қаншама? Айтқан жерден жырақ, бүгінде діни ахуал тұрақты деуге толық негіз бар. Әкімге «мешіт салдыра көрмеңіз» деген көкемізді қолдайтындар қой терісін жамылған қасқырлардан сескенсе керек. Әйтсе де, мәселенің шешімі мешіттен қашу емес, діни сауаттану екенін ескере жүрген жөн-ау.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521