bannerqaz

Нарында әулие бар Жабас деген

Нарын құмында сырын ішіне бүгіп жатқан жұмбақ жерлер баршылық.

Солардың бірі – жергілікті халық «Жабас әулие» атап кеткен қасиетті жер. Бұл әулиенің қасиетіне қанық құм елі, қанша шапағатын алса да, ол кісінің руы, шығу тегі туралы нақты мәлімет жоқ.

Көнекөз қариялардың айтуынша, алыс-жақын қыр елі әулиеге арнап келіп, Аллаға сиынып, түрлі сырқаттарына шипа алатын болған. Дүниеге сәби әкелу мүмкіндігі шектеулі аналар арнайы келіп түнеп, кейін армандары орындалып отырған.

- Әулиенің басында сиынып, Алладан медет сұраған адамдардың байлаған ақ шүберектері жалау болып желбіреп, жыңғыл, дүзгін сияқты сүйекті шөптерге байланған жалпақ нан (шелпек), бауырсақтардың майы тамып тұратын, жолаушыға ерген иттер жақындағанда қыңсылап жата кететін, -деп әңгімелейтін бұл күнде бақилық болған жастары ғасырдан асқан ғұмыр жасаған біз көрген қариялар. «Атырау-Астрахан» теміржолының №12 бекетінен 35 шақырымдай жерде, Нарын құмының ішінде жатқан әулиеге білетін адамдар үнемі сиынып, құрмет көрсетумен келеді. Соңғы кездері басына шағын белгі орнатып, әулиенің атын жазып қоюшылар бар. Әулие елге ортақ, оған кім-кімнің де құрметі, ілтипаты бірдей.

Жақында өзінің азаматтық болмысымен ел қадірлісі болған, Исатай ауданының Құрметті азаматы, талайға көмек қолын созған жомарт азамат, марқұм Бақтығали Ғұбайдуллинның ұлдары Бауыржан мен Абат, Сәт әулиенің ұрпағы, Құрас немересі Күнтуғанұлы Бауыржан деген азаматтар Жабас әулиенің басына үлкен белгі орнатып, сауапты іс атқарды. Бұл азаматтар әуелі әулиенің басына арнайы барып тәу етіп, осындай ойларына әулиенің рұқсатын алып, Алматы қаласына тапсырыс беріп, пойызбен алдырып, әулие басына мықты белгі орнатты.

- Менің бұл әрекетім - кезінде атама жақсылық жасаған қасиетін әжемнің қайта-қайта құлағыма құюы маған берілген аманаттай сезілген, соны орындау, екіншіден, әулие басына ұзақ жылдарға шыдайтын белгі болсын деген ой. Байлық көрсету, атақ шығару емес, Алла жолына игілікті іс қылу, –деді сөзге сараң, іске мықты Абат азамат.

Арнайы мал сойып, молда апарып Құран оқытып, биіктігі 2,60 см, салмағы 6 тонна гранит тас әулиенің бас жағында тас тұғырға орнатылды. Бұл жұмыстың басы-қасында Ғұбайдуллин Бақтығали ұлдары Абат пен Бауыржан, халық емшісі, Сәт әулие ұрпағы Бауыржан Құрасов, ауданға белгілі құрылыс шебері, сыйлы азамат Бақтыгерей Нағимұлы Харесов, елдің сыйлы азаматы Махсот Сапиұлы Қалдыбаев сияқты азаматтар осы іс ойға алынғалы бір тыным алмай еңбек етіп, аяқталғанға дейін тізелерін бүкпестен жұмыс жасады. Басқа да еңбек еткен азаматтар, бірнеше техника мен жол ауырлығы жайлы айтқым келіп отырған жоқ. Әулиеге арнайы құран бағыштап, дұға оқыған Қайсар ініміздің атын атап кеткенді жөн санадым.

Осы істің негізгі ұйымдастырушысы, белгілі кәсіпкер, талай-талай мешіт салу, т.б. сауапты істерге көмегін аямай жүрген азамат Абат Ғұбайдуллин бұл атқарылған істі баспасөзге жариялап, дабыралауға қарсылық көрсетті, келісім бермеді. Бұл қандағы қарапайымдылықтың, тектіліктің көрінісі болар. Алайда, әулиеге арналған істің жайын жалпақ жамағат білуі, естуі керек деген тоқтамға келдім. Қазіргі заман талабына сай өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық сезім, адалдық, адамдық, өткенді білу, Аллаға сиыну, әулиеге сену сияқты ата-бабадан жалғасып келе жатқан жақсы салт-дәстүрімізді дамыту, сол арқылы олардың сана-сезіміне жақсының аты өлмейтінін, олардың рухы алдында барша ұрпақ мәңгілік қарыздар екенін, қызмет етуі қажеттігін түсінуге септігі тиер деген ой. Осы бір қасиетті адам туралы мәлімет білетін адамдар немесе ұрпақтары болса, құлағдар ету мақсатында да осы жазбамды жарияға беруді жөн санадым, сырламай, көркемдемей, сол қалпында жеткізуді құп көрдім.

Алла берген кие-қасиетімен, бағзы замандармен жалғасып, арнап келіп сиынғанға Алладан медет тілеп, жақсылығымен танылған, сыры жұмбақ, тарихы белгісіз, киесі аян, ел-жұртына қадірлі, замандар желі халқынан жырақтатпаған Алланың сүйікті құлы –Жабас әулие

Адайбек СӘДІРҰЛЫ,

ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Жанбай ауылы

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

қыркүйек 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz