bannerqaz

Әннің де иесі бар

«Ән – көңілдің ажары» делінеді.

Олай болса, ол тыңдарманның көңілін көтеріп, бойын сергітіп, қуанышты сезімге бөлегені лазым. Осы тұрғыдан қарағанда, қазірде теледидардан немесе сахнадан айтылып жүрген әндер өнерсүйер қауымның талғамынан шығып жүр ме? Бұл – үлкен мәселе, бөлек тақырып.

Өзім өнердің жанашыры ретінде екі мәселеге тоқталcам дедім. Ол әнге деген, әннің иесіне (сазы мен сөзін жазған авторлар) деген құрметіміз қандайлығы және сахнада түрлі мерекелерге байланысты өтетін концерттік бағдарламалар жөнінде.

Бағдарламаны жүргізушілер орындалатын әннің авторларын (сазгер мен ақын) хабарламайды. Бұл эфир мен сахнада орындаушылар арқылы көпшілікке жол тартқан сол ән иелеріне деген «құрметіміздің» көрінісі ғой. Жақында газеттен халыққа кең тараған «Ауылым» әнінің өлеңін жазған Жабайыл Бейсеннің сұхбатын оқыдым. Осы кезге дейін (бұл ән 1972 жылы шыққан) сол әннің сөзін жазған ақынды білмеуші едім, ал әнін шығарушы Темірхан Базарбаев қой. «Кіндігімнің жас қаны, Тамған жерім, ауылым...» деп басталатын әуезді әннің алғашқы орындаушысы халық әртісі, әнші Ришат Абдуллин еді. Ал, Жабайыл Бейсен 1935 жылы Қытайда туып, 1962 жылы атажұртқа көшіп келген. Зейнеткерлікке шыққанынша Семейдің Мақаншы ауданында мектеп мұғалімі болыпты. Жоғарыдағы әннен басқа да бірнеше әнге өлең жазған.

Әннің ғұмыры өлеңін жазған ақынға және әуенін жазған сазгерге байланысты. Өмірде, көбінесе, әнге өлең жазатын, соған бейімделген ақындар болады. Бұрындары бізде Нүфтолла Шакенов, Нұрсұлтан Әлімқұлов сияқты ақындардың немесе Ресейде Николай Добронравов, Илья Резник деген ақындардың әнге жазған өлеңдері баршылық болатын. Ауылдағы мәдениет үйінде Тұңғыш Президент күніне арналған концерт болды. Оншақты ән мен билер орындалды. Жүргізуші, жоғарыда айтылғандай, әннің иелерін хабарлаған жоқ.

Енді, екінші мәселе – концерттік бағдарламаның жасақталуы жөнінде. Сол концертте өнерпаз жас «Қазағым» және «Қазақстан» деген әндерді орындады. Бұл әндердің иелері кім екенін білмеймін, сол концертте хабарланса, мүмкін, есте қалар ма еді? Бағдарламаның кемшілігі, олқылығы – дәстүрлі халық әнінің және домбырамен орындалатын күйдің болмағандығы. Қазақпыз десек, осындай концерттік бағдарламаларда міндетті түрде халық әні және күй орындалуы керек. Оның үстіне Президент өткен жылы «Ұлттық домбыра күнін» белгілеген жоқ па? Одақ кезінде «Қазақконцерт» бірлестігінен, облыстық филармония жанынан ұйымдастырылған концерттік топтар жыл бойына гастрольге шығып, ауыл, аудандарды аралап, өнерлерін көрсетуші еді. Сонда міндетті түрде дәстүрлі ән де айтылып, күй де тартылатын. Өнерге деген құрмет те, талап та жоғары болды.

Түйіндей айтқанда, әнімізді асқақтатып, күйімізді күмбірлетіп, олардың иелерін де құрметтей жүріп, қазақ өнерін әлемге паш етейік

Ибатолла СӘТЕНҰЛЫ,

Қазақстан Журналис-тер Одағының мүшесі

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

тамыз 2019
ПВСЧПСВ
1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz