Округ әкіміне оң баға берді

Бүгін, яғни 14 қаңтар күні Жанбай ауылдық округі әкімі Дидар Есмұханов есептік жиынын өткізді.

Өткен жылы ауылда бірқатар әлеуметтік мәселелер шешімін тапқан. Ол жайында ауыл әкімі Дидар Есмұханов баяндамасында рет-ретімен айтып өтті. Әр сала бойынша атқарылған жұмыстар легін бір шолып өткен ауыл басшысы алдағы жылдық жоспарымен де бөлісті.

Тұрғындар пікірі де тыңдалды. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзажан Балпанов Дидар Есмұхановтың жыл бойына атқарған қызметіне оң баға берді. Ардагер, ауыл белсендісі Мұстажап Аяшев дүкендердің тұтынушыларға түбіртек беруі, тауарға баға белгілеу мәселелерін тілге тиек етсе, Нәсіп Төлегенова апай емханадан тегін алуы тиіс дәрі-дәрмектер уақытында берілсе екен деген пікірін жеткізді. Жақында үйі отқа оранып, баспанасыз қалған Жолымбет Мауытов шарбағындағы сарайға электр тартып бермеді деп тиісті сала мамандарына назын айтып қалды. Ал, ауыл әкімінің айтуынша, ол мәселе көп ұзамай шешілген.

- Биыл ауылда өрт оқиғасы көп болды. Басымызға бермесін. Олардың көбі электр сымынан болғаны анықталып отыр. Сондықтан, сақ болғанымыз дұрыс. Өрт - тілсіз жау. Бұндай тосыннан келген қиындықтарға қол ұшын беру - әрқайсысымыздың міндетіміз, - деген аудан әкімі Марат Мурзиев мұңын айтқан азаматқа көмектескен дұрыс екенін айтып, мәселеге қатысты орынбасарларына тапсырма берді. -Жанбайдағы бүгінгі жиын "тыныш" өтті, - деді сосын әзіл-шыны аралас әңгімесін жалғаған аудан әкімі. - Мұның бәрі ауыл әкіміне деген тұрғындардың риза көңілінен деп білеміз. Не де болса, біздің міндет - сынды дұрыс қабылдау. Соған сай нәтиже шығарып, елдің көңілінен шығу. Өйткені, Президентіміз атап өткендей, біз халықпен сындарлы диалог орнатуымыз керек, - деді Марат Мурзиев.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521