bannerqaz

Тағылымы мол тоқсан белес

1928 жылы бұрынғы Орал облысы, Гурьев округі, Сартөбе болысының аумағында орталығы Новобогат ауылы болып, Новобогат ауданы шаңырақ көтерді.

Бұл кезең экономикалық қатынастардағы жаңа бағыттармен сәйкес келіп, 1928-30 жылдардағы байларды тәркілеу, одан кейін әлді және орташа атанған шаруаларға азық-түлік салығын салу сияқты асыра сілтеуі аралас науқан болып өтті де, 1931-32 жылдардан ТОЗ (жер өңдеушілер серіктестігі) құрыла бастағанымен, бұл егіншілікпен айналыспайтын аймақтар үшін қолайсыз деп табылып, кейін ТОЖ-дар (қоғамдық мал шаруашылығы серіктестігі) ұйымдастырылды.

Ауданның аумағы 12500 шаршы км, халқы 20454 адам болды. Аудан мұнай өндірісімен және мал өсірумен айналысты. Ауданда 5698 жылқы, 35919 мүйізді ірі қара, 46485 қой, 7269 түйе, 9 бірінші басқыш мектеп, 2 фельшерлік пункт, 1 мал дәрігерлік пункт, 2 тұтыну қоғамы болды. Новобогат кәсіпшілігінде мұнай өндірілмегенімен, терең бұрғылау жұмыстары жүрді. 1930 жылдарда басталған солақай саясат, ашаршылық, қуғын-сүргін Нарын өңіріне де ауыр тиді. Қазақстанда округке бөлу жойылуына байланысты 1930 жылы Гурьев округі таратылуымен аудан Новобогат ауданы таратылып, іріленген Гурьев ауданына қарады.

Арада аз уақыт өтіп, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының республика облыстарында жаңа аудандар құру туралы 1939 жылғы 16 қазандағы қаулысы алынды да, соған сәйкес Теңіз және Есбол, Бақсай аудандарын ықшамдау негізінде құрамына Бегайдар, Жамбыл, Жанбай, Кетешағыл, Манаш, Новобогат, Забурын, Мыңтөбе, Айбас, Бабан, Тұщықұдық, Орпа ауылдық кеңестері енгізілген Новобогат ауданы 2-ші рет қайта құрылды. Осы 12 ауылдық кеңесте 26 мал шаруашылық, 4 балықшы ұжымшарлары болды.

1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысы жылдарында Новобогат ауданының да бүкіл қам-қарекеті соғыс жағдайына бейімделді. Балықшы ұжымшарлары Каспий флотилиясы қарамағына көшіп, әскери тәртіппен жұмысқа көшті. Мал шаруашылығы ұжымшарларына мал басын көбейту, ет, сүт, жүн өнімдерін мол өндіру міндеттелді. Қызыл Армия қажеттілігіне іріктелген аттар, мал өнімдері майданға үздіксіз жіберіліп жатты. Сол жылдары малды алыс жайылымдарға жайып бағу әдісін алдымен біздің аудан қолға алды. Шалғайға мал айдап апарып орналастыру, құдықтар әзірлеу, киіз үйлер бөлу, жайылым орталығынан қызыл отау, бастауыш мектеп, пошта бөлімшесін, дәрігерлік пункт, дүкен ашу, т.б. ұйымдастырылды. Соғыс жылдарындағы аудан еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбегі жоғары бағаланып, 1944 жылдың қорытындысында мал шаруашылығын өркендетудегі үздік табыстары үшін КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл Туын және ақшалай сыйлығын жеңіп алып, кейінгі жылдары қайталап иелене отырып, мәңгі сақтап қалды.

Соғыстан кейінгі жылдар да оңай болмады, әсіресе 1949-50 жылдардың қысы аудан экономикасына да, халықтың күн көрісіне де ауыр соқты. Кейін облыстағы осындай қалыптасқан ауыр жағдай жөнінде 1950 жылы КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы ұжымшарлар ісі жөніндегі кеңес төрағасы А.А.Андреевке хат жазылып, соның нәтижесінде Москвадан Гурьев облысына арнайы көмек ұйымдастырылуының арқасында шаруашылықтардың жағдайы біраз көтеріліп, адамдар жігерлене еңбек етті. Алайда, республикалық әкімшілік-аумақтық бөліністегі өзгерістерге сай және шаруашылықтардың ықшамдалуы ескеріліп, жан-жақты өркендей бастаған аудан 1957 жылғы қарашаның 14-інде қайта таратылды.

1977 жылы орталығы Аққыстау жұмысшы поселкесі болып 3-ші рет құрылған Новобогат ауданын 11 жылдан соң (1988 ж.) тағы тарату жөнінде шешім алынды. Бұл жылдар ішінде де ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында ілгерілеушіліктер болды. Әсіресе, «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы жылына 1,5 миллион тоннаға дейін мұнай өндірсе, ауданның 6 совхозы 500 мыңға дейін мал өсіріп, өнімдерін мемлекетке өткізді. Аудан үстімен тәулігіне 80-нен астам жүк поездары өтіп жатты. №909 жылжымалы механикаландырылған құрылыс мекемесі, №493 жол жөндеу, пайдалану учаскесі, басқа да кәсіпорындар ауданның келбетін түбегейлі өзгертуге үлестерін қосты. Аудан орталығындағы атқарушы органдарға ғимараттар, олардың қызметкерлері үшін тұрғын үйлер, Аққыстау орта мектебі салынды. Сайып келгенде, ол кездегі ауданның сан қырлы мекемелері саны, өндірістің көпсалалы потенциалы қазіргі кездегіден көлемді болды.

1990 жылы аудан 4-ші рет қайта қалпына келтірілді. Халық батыры Исатай мен от ауызды, орақ тілді ақын Махамбеттің кіндік қаны тамған, ту көтеріп, Ресей отарлауына қарсы жорыққа аттанған топырағы осы болғандықтан ауданға Исатай атын беру жөніндегі жергілікті халықтың талап-тілегі ескерілді. Сөйтіп, ауданымыз 1990 жылдан бері Исатай есімімен аталады. Бұл күндері экономикасы бай, әлеуметтік мәселелері толықтай шешілген, басқалармен терезесі тең әкімшілік құрылым санатынанбыз. Кешегі Ұлы Отан соғысы кезіндегі қажырлы еңбектің үлгісін көрсетіп, Одаққа танылған ауданның тарихи дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуда.

Ауданның жан-жақты даму кезеңдерінде еліміз бойынша бір кездері еңбекшілер депутаттары аталып, одан кейінгі 1987 жылдардан халық депутаттары аудандық Кеңесі болып аталып келген жергілікті өкілді мемлекеттік басқару органы 1994 жылдың наурыз айынан бері жергілікті мәслихат институты қоғамға енуімен байланысты аудандық мәслихат аталып, мәслихаттың І-ші шақырылымындағы І-ші сессиясы 1994 жылғы 23 наурызда өткізілсе, қазіргі күні VІ-шы шақырылған аудандық мәслихаттың 2016-2020 жылдар аралығына сайланған депутаттық корпусы қызмет үстінде.

Ауданның даму тарихындағы қол жеткен жетістіктердің ішінде ауданның әркездегі жергілікті өкілді органдары депутаттарының да – аудандық еңбекшілер немесе халық депутаттары Кеңестерінің, аудандық мәслихат депутаттарының сүбелі үлесі болғаны белгілі. Олар қай кезде де ауданның атқарушы билігімен бірлескен түрде тұрғындардың талап-тілектерін ескере отырып, елді оның дамуының маңызды істеріне бір адамдай жұмылдыра білді.

90 жылдық тарихындағы дамуында мемлекеттік қажеттіліктерге орай әкімшілік-аумақтық басқарудағы түрлі өзгерістерді басынан өткізген ауданның бірде таратылып, бірде қайта құрылуы кезеңдерінде аудан тұрғындары ынтымақты бірлігі мен ұлттық дәстүрінен ешбір ажырамай, ортақ іске, қоғамдық мүддеге деген жігерлерін жанып, әркездері мемлекеттік және экономикалық саясатты жүргізген жергілікті өкілді және атқарушы билікке үлкен қолдау көрсетіп, ауданның үнемі табыс биігінен табылуына атсалысқанын көреміз. Мұндай белсенділік пен ынта ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, тіліміз бен дініміздің, діліміз бен қазақы дәстүріміздің өз қалпында сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы істермен одан әрі жүзеге асырылуда. Аудандық мәслихат депутаттары ауданымыздың 90 жылдық мерекесі қарсаңында өздерінің сайлауалды бағдарламаларында белгілеген әлеуметтік мәселелерге қатысты депутаттық міндеттерін ойдағыдай жүзеге асырып, жос-парлы межелерінен шығуда. Алдағы уақытта ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін арттыру бағытында аудандық мәслихат корпусы атқарушы билікпен бірге өз үлестерін қоса беретін болады. Ауданның құрылғанына 90 жыл толу мерейлі мерекесі құтты болсын!

Нұрлан МҰХАНБЕТАЛИЕВ,

аудандық мәслихат хатшысы

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

қыркүйек 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz