Туризм - табыс көзі ал оны ауданымызда дамытудың мүмкіндіктері қандай?

 «Туризм» сөзі соңғы жылдары санамызға сыналап еніп, мықтап орныққан терминдердің біріне айналып келеді. Ол француздың tourisme, tour - серуендеу, жол жүру деген мағына беретін сөзінен шыққан, адамның бос уақытында өз еркінше көңіл көтеру, демалу мақсатында көріп-қызықтау үшін басқа бір жерге саяхаттап, серуендеп баруы екен.

 

Қазіргі уақытта әлемдік экономикада осы туризм саласы басты рөлдің бірін атқарып отыр. Оның басты дәлелі Дүниежүзілік туризм ұйымының (ДТҰ) деректері бойынша, ол жер шарындағы жалпы ұлттық өнімнің оннан бір бөлігін, халықаралық инвестицияның 11 пайыздан астамын ұстап, экономикадағы әрбір 9-шы жұмыс орнын туризм қамтамасыз етеді екен. Сондықтан да осы саладан түскен табыс мұнай өнімдері мен автомобиль экспортынан кейін тұрақты 3 орында келеді. Мұндай үрдіс алдағы жылдарда да өз жалғасын табады деп күтілуде.

Сол себепті туризмді дамытуға біздің еліміз де бас-ты назар аударып отыр. 1993 жылы Қазақстан Дүниежүзілік туризм ұйымына мүше болды. Осы жылы туризм индустриясын дамытуға арналған ұлттық бағдарлама қабылданды. Араға жылдар салып, атап айтқанда, 2001 жылы 13 маусымда «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» Заң жарық көрді. Осының нәтижесінде елімізде «Бурабай», «Алакөл», «Қатонқарағай», «Алтынемел», киелі Түркістан, көне Тараз, т.б туристік аймақтар пайда болып, оларды дамытуға қомақты қаржы бөлінді.

Ал біздің Атырау өлкесінде Алтын Орданың астанасы болған киелі қала орнында «Сарайшық» мемлекеттік тарихи мәдени музей қорығы құрылғаны жалпыға аян. Енді өз ауданымызға келсек, «Атырау-Астрахан»  трассасы арқылы Еуропа мен Азиядан автокөлік пен мотоцикл тізгіндеп, велосипед мінген немесе жаяу жортқан туристерді сыртынан байқағанымыз болмаса, арнайы ат басын бұрғандарды сирек көреміз. Шөлейт аймақта қоныс тепкен біздің ауданның сұлу табиғаты, баршаға белгілі тарихи орындары аз болса да, бізде де туризмді өркендетудің мүмкіндіктері бар деп ойлаймын. Өйткені, аймағымызда дүниежүзіндегі ең үлкен көл - Каспий теңізі мен Еуропадағы ең үлкен Нарын құмы бар. Ол жерлерде өзіміздің жерлестерді ғана емес, шетелдік қонақтарды қызықтыратын да табиғат көріністері мен тарихи орындар табылады.

Әрине, бұған дейін аз да болса бұл бағытта әрекеттер жасалды. Мысалы, Исатай ауылы маңынан «Атамекен» атты демалыс орны ашылып, онда шағылдарда квадрациклдармен, түйемен серуендеу, киіз үйлерде ұлттық тағамдардан дәм тату сияқты жақсы бастамалар болған. Бірақ та, жарнамасы аз болды ма, жоқ әлде ұйымдастыру жұмыстарындағы кемшіліктерден бе, көп кешікпей жабылып қалды. Сол сияқты Зинеден ауылы тұсындағы Каспий теңізі жағасынан балаларға арналған сауықтыру, ересектер үшін үлкен демалыс орындарын салуға жобалау сметалық құжаттары жасақталған жұмыс та жоқтаушысы мен инвестор табылмағандықтан жалғасын таппай қалды.

Енді, кенжелеп қалған осы бағытты қалай дамытамыз десек, туристік бет-бейнені қалыптастыру үшін көп жұмыс жүргізу керек деп ойлаймын. Қазіргі кезде шетел азаматтарын өндіріс орындары мен зәулім құрылыстар аса қызықтыра қоймайды. Оларды елдің көркем табиғаты, дәстүр-салты, өткен тарихы мен бүгінгі жетістіктері елең еткізеді. Бақытымызға орай ондай талапқа жауап берерлік қайталанбас ерекше жерлер, өзіндік тылсым күші бар ғажайып табиғатымыз талайды қызықтырары анық. Ұлан-ғайыр даламыздың кеңдігі бізге көптеген елдерде кездесе бермейтін ландшафты сыйға тартқан. Көкжиектен көлбей созылған құм Нарынның сағымға оранған аппақ шағылдары мен қарт Каспийдің асау толқындары, оның жағасындағы ит тұмсығы өтпес нар қамыстары, ондағы  су бетінде шоршып жүрген алуан түрлі балықтары, итбалықтары, қасқыр, қабан тәрізді жабайы аңдары және қиқу салған қанатты періштелері - құстар, Тасгран сияқты тарихи ескерткіштері ешкімді де бейжай қалдырмас.

Алайда, осыларды ұтымды, жүйелі пайдалану үшін бізде туристерді қызықтыратын қолайлы орта әлі қалыптасып болған жоқ десек, артық айтпағанымыз болар. Қазір халық көптеген туристік фирмалар арқылы немесе өздері бірер күндік саяхатқа шығып жүр. Ал ондай жұмыстармен айналысатын атыраулық фирмалар шетелдерге саяхат ұйымдастырумен ғана шектеліп, ішкі туризмді дамытуға мән бермей отыр. Оған дәлелді-дәлелсіз себептер де бар. Өйткені саяхатшыларды тарту үшін тақтайдай тегіс жолдар, жан-жақты жабдықталған қолайлы қонақ үйлер,  жоғары жылдамдықтағы интернет байланысы мен ойластырылған жарнама болуы керек. Қазір бұл аталғандардың ішінен жаңа салынып жатқан «Атырау-Астрахан» тас жолын қоспағанда, басқа бірде-бір талапқа жауап беретін нысандар біздің ауданда өкінішке орай болмай отыр. Өйткені, жол бойындағы түнек үйлерді есептемесек, Аққыстаудан басқа ауылдарда қонақ үй атымен жоқ. Интернет байланысы елді мекендерден қарға адым шықсаң үнін өшіреді. Жарнама түгілі, туристерге көрсететін табиғи және тарихи нысандар анықталып, тізімі шығарылып, картасы  жасақталмаған. Сондықтан енді бетті осы бағытқа бұруымыз қажет.

«Ол үшін не істеуіміз керек?» деген сұрақ әркімнің көкейінде жүрген шығар? Менің ойымша, аудан аумағының туристер тартуға болатын табиғи  және тарихи нысандарын анықтауымыз керек. Ол үшін жергілікті атқарушы билік   осы саланың тиісті мамандарын шақырып, ғылыми зерттеу жүргізіп, олардың берген қорытындысына орай  саяхатшыларды қызықтыратын жерлерді нақтылап, соларды картаға түсіріп, жарнамасын жолға қойған жөн. Содан кейін сол туристік орындарға жету үшін дала жолдарын тегістеп, нысандарды күн қағарымен тамашалау алаңдарын жасақтап, онда дәретханадан бастап сусын, азық-түлік сататын дүкендер, асхана, қажетті жерлерге қонақ үйлер салынса орынды болар еді. Оның сыртында, жоғарыда айтылғандай, интернет байланысы, медициналық қосындар болуы шарт.

Әрине, мұның бәріне қомақты қаржы керек. Оны мемлекетіміз өз мойнына түгел ала алмасы да анық. Ол үшін инфрақұрылымды дамыту үкімет жауапкершілігіне беріліп, басқа жұмыстарды жеке меншік әріптестік арқылы жүзеге асыруға болады деп ойлаймын. Десек те, ауданымызға бұл салада жұмыс жасауға кәсіпкерлерді, оның ішінде туристік орталықтарды тарту оңай шар-уа болмасы анық. Ол үшін олармен түсінік жұмыстарын жүргізіп, туризмнің түбі табыс әкелетініне көздерін жеткізе білуіміз қажет.

Бізде негізінен, жоғарыда тоқталып өткендей, Каспий теңізі мен Нарын құмы болғандықтан экологиялық туризмді дамытуға мол мүмкіндік бар. Мысалы, Амангелді елді мекені тұсынан теңізден қармақпен балық аулап, аң-құс атушылар үшін арнайы орталық ашсақ, оған сұраныс болары сөзсіз. Ал Зинеден ауылы маңындағы теңіз жағасынан саяхатшыларды қабылдайтын кешенді демалыс орны салынса, суға шомылып, теңізде қайықпен жүзіп, Исатай ауылының ақ шағылдарына атпен, түйемен немесе квадрациклмен қыдырып, джип машиналарымен құмда ойнақтайтын әуесқойлар табылары анық. Әрине, соңғы жылдары теңіздің тартылып кетуі бұған елеулі кедергілер келтіруі мүмкін. Бірақ шағын канал қазып, дарияның суын қолдан жасалған құмды жағажайға жеткізуге әбден болады деп ойлаймын.

Одан басқа, Қызыл үй ауылы қасынан таза құмда демалып, саяхаттағысы келетіндер үшін  этно-демалыс орнын ашуға болады. Онда шетелдіктер қазақ халқының тұрмыс-салтымен танысып, ұлттық тағамдарды жеп, атпен, түйемен серуендеп, шағылдарға шомылып, биіктен сырғанап, т.б көңілді демала алар еді. Оның сыртында Атырау қаласындағы туристік фирмалар арқылы немесе өз арамыздан осы жұмысты атқарам деген ниетті адамдар табылып жатса, аудан аумағындағы көрікті жерлер мен тарихи орындарға бір немесе бірнеше күндік автокөлікпен ақылы  саяхаттар ұйымдастыруға болады. Мысалы, таңертең Атырау қаласынан шығып, жол талғамайтын автомашиналармен Х.Ерғалиев ауылындағы ескі мұнай ұңғыларына соғып, құрғап қалған Жалтыр көлі мен оның етегіндегі Бөкей хан қоныстанған орындармен туристерді таныстырып, Қызыл үй елді мекені маңындағы шағылдарда аялдап, түстік ас ішіп, қайта жолға шығамыз. Солан кейін ерте заман ескерткіші - «Бәстік»  қорғанына аялдап, Нарын құмындағы Жабас әулие жұмбақ тасымен танысып, қайтар жолда Манаштағы Исатай Тайманов көтерілісі басталған майдан төбе мен Тасгран тарихи белгісіне тоқтап, Атырауға кері ораламыз.

Бұдан басқа да экскурсиялық маршруттар  жобалауға болады. Оның бірқатары  өткен жылы «Нарын таңы» газетінде жарияланған «Еділ мен Жайықтың «алтын алқасы» құм Нарынның құпиясы мол» атты тарихи-танымдық жазбамда  сөз болғаны қалың жұртшылықтың есінде шығар. Қорыта айтқанда, бұл сала елімізде кенжелеу дамып келе жатқандықтан әлі де болса ескерілмеген жайлар, пайдаланылмай отырған мүмкіндіктер бар екені сөзсіз. Сондықтан соңғы кезде қанатты сөзге айналып келе жатқан «Туризмді дамыту - елді дамыту» қағидасын ескерсек, осы сала мемлекетіміздің экономикасын көтеріп қана қоймай, халықтың табысын арттырудың негізгі жолдарының бірі болып қала бермек.

 

Мүтиғолла НАСИХАНОВ,

 тарихшы, өлкетанушы

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521