Жанбайлық ардагер депутаттарға тұрғындардың жанайқайын жеткізді

Қазір елімізде қатерлі, аса қауіпті ауруларға шалдығып, әлеуметтік желілерде халықтан көмек сұрап жатқандар аз емес.

Кеше Аққыстау ауылдында исатайлықтардың ҚР мәжіліс, сенат депутаттарымен болған кездесуінде жанбайлық ардагер Аман Ибатұлы аудан тұрғындарының жанайқайын жеткізді.

- Денсаулық мәселесіне аса мән берілуі қажет. Ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайы алаңдатпау мүмкін емес. Жүрек, қан тамыры аурулары, қант диабеті, тағы басқа да дерттер үлкен-кішіні еркін жайлауда. Бұған жан-жағымыздағы қоршаған мұнай-газ өндіру орындарының әсері қандай? Осының анық-қанығына халықтың көзін жеткізетін кез келген сияқты, - дейді тұрғын.

Қара алтынның қызығымен қатар шыжығын тартып қалмасақ екен дегендей ойын жеткізген ардагер мұнайлы өңірлерде елімізде ең болмағанда емделу үшін қарапайым халыққа, әсіресе, қауіпті ауруларға мемлекет тарапынан тегін медициналық көмек көрсетілсе деген пікірін айтты.

Аналар мәселесін де көтерген Аман Ибатұлы әйел адамдардың зейнет жасы 55-тен басталса, ал, көпбалалы аналар 50 жастан зейнеткерлікке шықса деген пікірде. – Ер адамдардың зейнет жасы да 60-тан басталғаны дұрыс. 63-ті пайғамбар жасы деп жүрміз. Бірақ, бұл – Пайғамбардың өмірден өткен кезі екенін есте ұстайық, - деді ол. Халықтың күнкөріс деңгейін де сөз қылған жанбайлық ардагер ауыл адамдарының айлық табысының мардымсыздау екенін де жасырмады.

- Атырау облысында орташа еңбекақы 322 мың теңге деп көрсетілгенімен, ауылда 50 мың теңге де табысы жоқ адамдар бар. Ауылдықтардың көбі шетелдік, отандық компанияларда жұмыс жасайды. Дәрігер, мұғалімдердің жалақысы мардымсыз. Ал, біз мұғалім мәртебесін көтеруді айтамыз. Негізі мұғалімнің мәртебесін көтеру үшін алдымен олардың еңбекақысын көтеру қажет шығар. Өйткені, жалақысы аз, жұмысы көп мұғалімдікті кім таңдайды? - дейді зейнеткер.

Ардагердің әңгімесі халық қалаулыларын толғандырғандай әсер қалдырды. Сауалға қатысты жауап берген Мәжіліс депутаты Бақтығожа Ізмұхамедов айтылған пікірлерді ақылға салатындықтарын айтты. Тұрғынның тілегіне періштелер «әмин» десе әп-әсем болайын деп тұр.

 Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521