Жұма және жамағат намаздары мешітте оқылмайды

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен.

«Құдайсыз қурай сынбайды» дейтін иманды халықпыз ғой. Дегенмен, «Сақтансаң, сақтайды» деген тағы бар. Бүгінде COVID-19 коронавирус жұқпалы дерті әлем жұртшылығын алаңдатуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әлемді шарпыған жұқпалы дертті пандемия деп жариялауы тегіннен-тегін емес. Қазақстан Республикасының барлық аумағында 16 наурыздан бастап 30 тәулікке төтенше жағдай енгізілуі де қауіптің алдын алуға жасалған басты қадам.

Аталған төтенше жағдай режиміне сәйкес көпшілік орындарға жиналмау көптің қауіпсіздігі үшін қажет. Осы жағдайға байланысты Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы арнайы пәтуа шығарды. Онда былай делінген: «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге тікпеңдер» деп ескерту жасаған («Бақара» сүресі, 195-аят). Өмір – Алла Тағаланың берген аманаты. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұқпалы ауруға байланысты: «Науқас кісі дені сау адамға жақындамауы тиіс» деген (Бухари, Муслим).

Мұнымен қоса шариғатта «Өзіне де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды» деген қағида бар.

Ислам діні кейбір ғибадаттарды қауіпті жағдайларда уақытша тоқтатуға рұқсат береді. Мысалы, адамның өміріне, денсаулығына, мал-мүлкіне, бала-шағасы мен отбасы мүшелеріне әлдебір залал тиетін болса, шариғатымыз оның мешітке келіп, бес уақыт намазды жамағатпен оқуын, тіпті жұма намазға қатысуын міндеттемейді.

Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі елімізде жарияланған төтенше жағдайды ескере келе, коронавирустың жамағат арасында таралуының алдын алу шарасына қатысты төмендегіні мәлімдейді:

Біріншіден, мемлекет тарапынан елде төтенше жағдай жариялануына және індеттің таралу қаупі жоғары болуына байланысты мешіттерде жұма намазы уақытша оқылмайды. Әркім өз үйінде жұма намаздың орнына бесін намазын өтейді.

Екіншіден, мешіттер жабылмайды, бес уақыт намазға азан шақырылады, алайда бес уақыт намаз мешітте жамағатпен оқылмайды.

Үшіншіден, мешіт жанындағы асханаларда өтетін құдайы ас, садақалар (жетісі, қырқы, жылы т.б. дәстүрлі кәделер) уақытша тоқтатылады.

Төртіншіден, жаназа намазын тек жақын туыстарымен, яғни аз топпен өткізген дұрыс.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман қауымын сабыр сақтауға, орынсыз үрейленбеуге, халықты дүрліктірмеуге және Алла Тағалаға дұға етуге шақырады».

Мешітте бес уақыт намаз жамағатпен оқылмағанымен, мешіт ашық тұрады, азан айтылады. Назаға келген адамдар жеке-жеке намаз оқи алады. Ал, пәтуада айтылғандай, белгілі уақытқа дейін жұма намазы оқылмайды.

Шалқар ДӘУЛЕТХАНҰЛЫ, 

Исатай ауданының бас имамы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521