ЖҮЗ ШАҚЫРЫМНАН ЖЕТКЕН ЖӘРДЕМ

Облысымыз аумағында Төтенше жағдай режимі енгізілуіне орай, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мақсатындағы жұмыстар ауданымыздың Қамысқала, Тұщықұдық, Аққыстау және Жанбай ауылдық округтері аумағында қарқынды жүргізіліп жатқаны бұдан бұрын да жазылды. Оған тек округтер аумағындағы тұрғын халық емес, шеткері жерлерден де қол күшін қосушылардың болғаны қуаныш.

Бұл ретте көпті риза еткен бір жайт, ауданның бір шетінде орналасқан Исатай, Зинеден ауылдық округтері тұрғындарының да аталған ауылдық округтер әкімшілігінің бастамаларын қоштаған жанашырлық әрекеттері десек болады.

Мәселен, Исатай ауылынан Тұщықұдық ауылындағы бөгет салушыларға ерікті көмек көрсетушілерді ауылдың Исабай Хидуллин, Құрманбай Шүренбаев, Ғайнеден Қабиев сынды аға буын өкілдері өткен аптаның сәрсенбісі күні бастап барып, жол салып берген еді. Оларды жұмыс басында қарсылаған тұщықұдықтықтар ауыл үлкендерінің ақ тілеулі сөзіне, жәрдем бере жеткен ниеттеріне бек риза болған. Арнайы үш көлікпен жеткен батыр атындағы ауыл азаматтары сол күні кешке дейін аянбай тер төкті. Осыдан кейін аталған ауылдық округ қызметкерлері мен тұрғындардан, орта мектеп қызметкерлері арасынан ерікті түрде көмекке барғандар бұл жақсы істі жалғастырып,  Томан елді мекенінде бір күн, Аққыстау ауылындағы қоршау жұмыстарына екі күн жанашырлықпен жәрдемдесті.

Қиналғанда көмек етуден Исатай ауылымен көршілес қоныстанған Зинеден ауылдық округінің тұрғындары да қалыс қала қоймауы құптарлық еді. Теңізге таяу тұрғандықтан өз ауылдарында да судан қорғану жұмыстарын жүргізіп, ауылдық округ әкімшілігінің қызметкерлері, Ю.Гагарин атындағы орта мектебі, «Ақбота» бөбекжай-бақшасының қызметкерлері және ауылдың ондаған ерікті азаматтарының белсене атсалысуымен тосқауыл салуды тиянақтаған зинедендіктер көрші ауылдарға да көмекке жетті. Сөйтіп, өткен аптаның соңында, осы аптаның басында зинедендік еріктілер жасақтары бір рет Томан елді мекеніне, бір рет Тұщықұдық ауылына, екі мәрте Аққыстау ауылына барып, бөгет құрылыстарына қажырлылықпен қызмет қылды.

Аталған екі ауылдық округ әкімдері Асылан Ғұбаш пен Ерлан Мақсотов округ әкімшілігінің ұсыныстарын бірден қолдап, жүз шақырым жердегі ауылдарға жәрдемдесе барып, ұйымшылдық пен жанашырлық ниеттерін анық танытқан ауылдастарының бұл істері кейінгі жас буынға да үлкен үлгі болып қаларына сенімді. 

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521