Нұрсая - елдік сайыстан бірінші орын иеленді

Балалардың зерттеу қызметінің дағдыларын дамыту, кіші және орта жастағы мектеп оқушыларының интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін ынталандыру – бүгінгі білім кеңістігіндегі құптарлық істердің бірі. Жуырда қоғамдық-гуманитарлық бағыты бойынша жарысы Щучинск қаласында ұйымдастырылған 2-7 сынып оқушыларына арналған ХІХ «Зерде» республикалық зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстары конкурсының да мақсаты сол болды. Республикалық-қорытынды кезең саналатын бұл жарысқа еліміздің барлық облысы мен қаласынан 368 оқушы қатысты.


Қатысушылар қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, тарих, өлкетану, этномәдениеттану, медицина, психология, экология, технология және өнер секциялары бойынша білімдерін көрсеткен сайыс нәтижесінде этномәдениеттану секциясы бойынша 6-сынып оқушысы, үздік шәкірт, мектеп мақтанышы Талапкер Нұрсая Ерденқызы 1-орын иеленді.
Нұрсая – әлемдегі 100-ден астам ел мен астана атау-ын, туын жатқа білетін, өзге елді зерттей жүріп, өз елін құрметтей білетін шәкірт, жас болса да жан-жақты, талантты оқушы. Оның конкурсқа ұсынып, жеңіс сыйлаған жобасының мақсаты – қазақ халқының ауа райын болжау дәстүрін білу, маңыздылығын ұғыну, тәжірибеде қолдана алу, ұлттық құндылығымызды насихаттау. Жобаның өзектілігі де бар. Өйткені, халқымыз ертеден-ақ ауа райын табиғат құбылыстарына, жан-жануарлардың тыныс-тіршілігіне қарап болжаған. Ал бүгінде олардың көбі ұмытылып, ауа райы қандай болатынын ғаламтор арқылы үйде отырып-ақ білетін болдық. Десек те, кей жағдайларда зерттеу орталықтарының болжамы табиғат апатын, зілзаланы анықтай алмай жатады. Сондықтан да, қазақ халқының ауа райын болжау туралы дәстүрі маңыздылығын жойған жоқ десек болады. Мұның, әсіресе, жергілікті жерде мал шаруашылығымен айналысып отырған адамдар үшін маңызы өте зор. Балалардың жас ерекшеліктеріне сай ауа райына болжам жасай білу, қоршаған ортаны бақылау және зерттей алуға дағдылану да Нұрсая қорғаған жұмыстың өзектілігі болып табылды.
Ұстаздарының үлкен сенімі мен үмітін ақтап, абырой арқалап оралған шәкіртіміздің құрметіне мектепте мұғалімдер мен оқушылардың біріккен салтанатты жиыны ұйымдастырылып, мектеп директоры Ғ.Жиенғазиев жеңімпаз оқушы мен жетекшісін құттықтап, мектеп әкімшілігі атынан Алғыс білдірді. Алдағы білім сайыстарында да сәттілік серігі болып, жеңіс тұғырынан көріне беруіне тілектестігін білдірді.
Осы орайда шәкіртін шаршы топта сынға түсуге дайындаған ұстаздың да еңбегі зор екенін айта кеткен абзал. Ол – Нұрсаяның ұстазы әрі анасы, мектебіміздің озық тәжірибелі, білікті мамандарының бірі, педагог-шебер Ерғалиева Нұрбике Темірешқызы. Оқушылары талай сайыстарда топ жарып, аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі сындарда жүлделер иеленіп жүрген ұстаздың алда да шығармашылық жетістіктер биігінен көріне бермегі кәміл. 

Әсел САДИРОВА, 
Х.Нәубетов атындағы орта мектептің 
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521