Баланы дұрыс тамақтандырудың да өз тәртібі бар

Баланың өсуі мен жан-жақты дамуына, әрине, дұрыс тамақтану тәртібі әсер етеді. Сондықтан аналар сәбилерінің тамақтанулары мен тағамдарға жіті көңіл бөлу қажет.Бірінші кезекте, тамақ құрамының құндылығы басты назарда болғаны дұрыс.Бұны біз өткен аптада  аудандық ауруханада мейірбикелердің жас аналармен кездесуінде көзбен көріп, көкейге түйдік.

Емханаға келген жас аналар, алдымен, кішкентай балаларын дәрігер педиатрға  көрсетіп, кеңесіне жүгінді. Одан соң Гүлжанат Ерғазиева, Самал Құспанғалиева, Анель Сабирова, Айман Қубиева,Жаңылсын Мұханбетова, Әсел Қанатбаева секілді 12-14 телім мейірбикелері аналарға қарапайым әрі құнарлы тамақтарды қалай дайындау әдістерін кеңінен түсіндірді.

Сондай-ақ осы тамақтардың бала ағзасы үшін қандай маңыздылығы бар екенін  «Дені сау бала» кабинетінің медбикесі Ардақ Кабулова да жік-жікке бөліп, айтып берді.

-Баланы ерте жастан бастап, дұрыс тамақтануға үйрету- оның ересек өмірде дұрыс тамақтануына көмектеседі. Балаға күн сайын пайдалы тамақты бере отырып, көңілді іс-шараларға үйретіп, баламен жиі сөйлесіп отыру оның дамуына көмектеседі әрі денсаулығын жақсартады. Жасырын емес, қазіргі таңда көптеген аналар дүкен сөресіндегі құрамында бояғыш заттары көп тәттілер, майенез, кетчуп, сағыз, желе кәмпит, қытырлақ картоппен (чипсы) тамақтандырады. Ал оның балаға қандай зияны бар екенін айтып жатудың да қажеті жоқ. Баланың 1 жасқа толғаннан кейін, оның тамақтану үлесі бірте-бірте кеңейе бастайды. Алайда ол 3 жасқа толғанша, оған бірнеше шектеулер қою керек. 3 жасқа дейінгі баланың ас қорыту жүйесі дайын емес, ол әлі де дамуы және бекуі керек. Ауыр тағамды өңдейтін барлық ферменттер қажетті мөлшерде түзілмегенше, оның бауыры мен бүйрегі әлсіз болып келеді. Сондықтан балаға «ересектер тамағын» бере бастасаңыз да, кейде шектеулер қолдануға тура келеді. 1 жастан соң бала езілген пюреден ақырындап, біртекті емес тамақтарға көшеді. Ол суға піскен көкөніс бөліктерін, балғын жемістерді өздігінен жей алады. Мысалы, суға, буға піскен картоп, сәбіз, асқабақ,брокли,күріш,қарақұмық,ет, жұмыртқа дәміне қарай үлестіріп, табиғи сары май немесе қаймақпен араластыра беруге болады. Сүзбемен бананды езіп берсеңіз, бала үшін таза кальций болып табылады. Қарақұмық пен ет тартқыштан өткізілген еттің пайдасы ұшан-теңіз. Бірақ ол шайнау мен жұту процесін әлі де толық меңгере алмағандықтан, қақалып қалу мүмкіндігі бар. Сондықтан баланың тамақтануын үнемі мұқият қадағалау отыру керек, -деген ол  балаға қандай құнарлы тағамдар беру керектігін  тізбектеп айтып берді.

Ендеше, бұдан түсінгеніміз, кішкентай сәбидің денсаулығын  қалыптастырудың ең басты шарты дұрыс тамақтану екен. Сондықтан, бұған қыз-келіншектер мен аналар бейжай қарамай, ерекше көңіл бөлгендері жөн. Тамақ құрамының құндылығы үнемі басты назарда болғаны дұрыс.

 

Сағыныш САЙЛАУБАЙ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521