bannerqaz

Әскерден жалтару жігіттікке жата ма?

Исатай аудандық мәслихат сессиясында басқа да түйткілдермен бірге әскер жасындағыларды мерзімді әскери қызметке кезекті шақырудың өзекті мәселелері айтылды.

Бұл жайлы баяндаған аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының міндетін уақытша атқарушы Бақытжан Төлегенов бұл істің Заңда көрсетілген тәртіппен әскерге шақыру комиссиясы құрылып, арнайы календарлық шара жасақталуынан бастау алғанына тоқталды. Айтуынша, жоспарға сәйкес тамыздың 18-інен дәрігерлік комиссия жүргізу жоспарлануда. Медкомиссия дәрігер-мамандармен 90 пайызға қамтылған. Рентгенолог дәрігер маман болмағандықтан дәрігерлік қорытынды алу үшін шақырылушыларды облыстық мамандарға жіберуге мәжбүрлік бар.

Сондай-ақ, әскерге шақырылушыларды қорғаныс бөліміне уақытында келтіру мәселесі – өзекті. Жергілікті әкімдік арқылы хабарлау, мекен-жайы бойынша шақыру жұмыстары жүргенімен, шақырту қағаздарын тапсыруда ата-аналар балаларының жұмыс орнын білмейтінін, жұмысқа кеткендігін болмаса үйде жоғын сылтауратып, бары-жоғын жасырады, жұмыс орындары белгілі болғандарының жұмыс берушілері де әскерге шақырылушыға ықпал етіп, қорғаныс бөліміне келуіне сергектік танытуы жеткіліксіз жағдайда.

- Әскерге шақырылушылардың медициналық комиссияға келмеуіне байланысты жергілікті әкімдер мен аудандық қорғаныс бөлімі ата-аналармен тығыз байланыс орнатып, ауыл жастарының арасында жастар ресурстық орталығы, білім беру мекемелері, ардагерлер, депутаттар, полиция, аудандық ішкі саясат, мәдениет және спорт бөлімдері бірлескен кешенді шаралар алу қажет, - делінді баяндамада.

Десек те, көктемгі шақыру науқанында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің тапсырысы 39 азамат болса, аудан бойынша денсаулығы жарамды деп табылған 42 азамат әскери бөлімдерге жіберілген. Баяндамада аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бойынша басқа да қажеттілік тудыратын жайттар сараланды.

Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Бектенов баяндамашыға: - Әскери қызметке шақырылушылар қандай жағдайда жіберілмеуі мүмкін? Қорғаныс істері жөніндегі бөлімге түрлі себептермен бармай жүрген шақырылушыларға нендей шаралар қолданылады? - деген сауалын көлденең тартты.

Сауалға жауап қайтарған баяндамашы бірінші кезекте зерделеу жұмыстары жүргізілетінін, мамандардың қорытындысы ол азаматты әскерге жіберуге болмайды деп шешсе, онда ол азамат қалдырылатынын жеткізді. Сондай-ақ шақырту қағазын алып, келмей жүрген азаматтар тізімі полицияға жолданатыны, оларды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы немесе Қылмыстық кодекс бойынша жауапқа тартуға құқықтары бары айтылды. Алайда, оларды қолдану үшін азамат шақырту қағазын өз қолымен екі рет алған болуы керек екен.

Ал, депутат Серікқали Әубекеровтің медициналық тексеру кезінде дәрігер маманның болмауынан облыс орталығына жіберілген шақырылушы қаражаты жоқтықтан бармай қалуы да мүмкіндігі жайлы сауалына аудандық орталық аурухана директорының міндетін атқарушы Нұргүл Кабулова: - Бізде рентгенолог маман жоқ болғандықтан облыстан оқытылады. Бірақ, әскерге шақырылған азаматтар немесе тұрғындарымыздың барлығы аудан орталығынан рентгенге түсіріледі, сенбі күні рентгенолог маман келіп оқып кетеді және аптасына екі рет машинамен апарып оқыттырып әкеліп отырмыз, - деген жауабын жеткізді.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

Сурет: ашық дереккөзден

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

желтоқсан 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz