bannerqaz

"Бізді ұмыт қалдырмаңдар». Исатайлық еріктілер қарттар үйіне барды

«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демей ме халқымыз, біздің ауданда да «боламын» деген жас буынның қатары күннен-күнге көбейіп келеді.

Сөзіміздің бір дәлелі болсын, ауданның бір топ еріктілері Атырау қаласындағы қарттар үйіне барып қайтты. Олардың қатарында «Мейірім» және «Қол соз» еріктілер топтары бар.

Өздері оқушы бола тұра, аз болса да қаражат жинап, бару-келу жолдарын үйлестіріп, басшылыққа шығып, аз-мұз болған кедергілерге де қарамады. Бұған дейін де осы еріктілер ауыл арасында үлкендерге қолғабыс етіп, күнкөрісі төмен отбасыларға көмектесіп жүрген болатын. Енді облысқа барып, қарттар үйіндегі қарияларымызды қуантты.

e

Таңертең қарттар үйінің әлеуметтік педагогі әрі әлеуметтік мәдениет қызметкері Нұрша Амангелдіқызымен телефон арқылы тілдескен болатынбыз.

– Исатай ауданынан жетекшілерімен бірге бір топ ерікті жастар келіп, сыйлықтарымен қоса  сазды бағдарламаларын ұсынып, бір уақ қарттарымыздың көңілдерін аулап кетті. Олар орындаған Фариза апамыздың сөзіне жазылған әндер және Шәмші әндерінен орындалған попуриді қарияларымыз қосыла шырқап, вальс те биледі. Өздері де әп-әдемі ұяң балалар екен, концерттік нөмірлері біткенше қаздай тізіліп тұрып, бір үйдің балаларындай ұйымшылдық көрсетті. Шара соңында қариялар да балаларға алғыстарын жаудырып: «Тағы да келіп тұрыңдар, бізді ұмыт қалдырмаңдар» деп рахметтерін айтты. Исатай ауданының жұрты ұрпақ тәрбиесіне мығым ел ғой, сол елден шыққан осындай жастарымыздың бойына жақсы қасиеттер ғана сіңсе екен. Қарттар үйіндегі үлкендеріміздің жанарларына үйірілген жасты көрген олардың әке-анаға деген махаббаттары күшейе түскеніне сеніміміз мол, - деді ол бізбен әңгімесінде.

Ерікті жастарымыздың саны көбейіп, оларға қолдау болса, тіптен жақсы болар еді.

Анаргүл ҚҰСАЙЫНОВА

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

желтоқсан 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz