bannerqaz

Қамысқала таксистеріне «тәк» дейтін кім бар?

Х.Ерғалиев ауылы мен аудан орталығына қатынайтын такси мәселесі тұрғындар арасында қызу талқыға түсті.

Оған түрткі болған түйткіл аяқ астынан такси бағасының өсуі болып отыр. Бұл жайды ел аузынан бөлек, аудан әкімдігінің телеграмм желісіндегі чаты арқылы да білдік. Онда шарасыз тұрғындар жергілікті билік өкілдеріне өз ұсыныс-пікірлерін айтып, мәселені шешуді өтінген.

Бақтылы Сұлтанова атты тұрғын Аққыстау мен Қамысқала ауылына қатынайтын автобус шықса деген пікірін білдіріпті. - Ондай мүмкіндік жоқ болса, ең болмағанда такси бағасының тұрақтылығын неге бақылауға алмайсыздар? Қараптан-қарап жолақы өсуде. Осыған кім жауапты? Күніне аудан орталығына барып келуіңіз 600 теңге тұратын. Енді бір баруыңыз 400 теңгеге өсіп, күніне 800 теңге жұмсауға тура келіп отыр. Бұл қарапайым халықтан ақша жинау ма? Бұл мәселені кім шешеді?, - дейді ашынған ол әкімдік чатында.

Ал, Алтын Такирова атты телеграмм қолданушы Аққыстау-Өркен ауылының арасына да ең болмаса бір қоғамдық көлік керектігін айтады. Такси шақыртсаң, 400 теңге төлейсің. Бұл, әсіресе, балаларға қиын. Саз мектебі, басқа да үйірмелерге баратын оқушылар күнде жаяу жүре бере алмайды ғой. Жауын-шашын болады дегендей. Екі ортаға маршрутты ұйымдастыруды әлі өтініп келеміз, - депті ол жазбасында.

Cabl деп аталған желі қолданушысы Х.Ерғалиев ауылы мен аудан орталығына қатынайтын таксилер жол ақысының өсуі Аққыстауда жұмыс жасайтындарға қиын екендігін атап, мәселеге алаңдаушылық білдірген. Есімі белгісіз бір тұрғын «Такси болып жүрген азаматтардың барлығының бірдей патенттері жоқ әрі таксистердің денсаулығы дәрігерлік сараптамаға сәйкес келмейді» дейді. Сондай-ақ, жүргізушілердің жолда келе жатып телефонмен сөйлесетінін, қауіпсіздікке мән бермейтіндігін айтқан ол тазалықтың сақталмайтынын да сынға алыпты. «Қысқасы, мәселені бақылауға алу керек деп ойлаймын. Бағаны өздері қояды. Осыны қаперге алсақ» дейді желі қолданушы.

Тұрғындарға жауап берген аудан әкімінің орынбасары Болатбек Сисатов:

- Бүгінгі күні халыққа тиімді болу мақсатында аудан орталығы мен ауылдар арасында автобустар шығару мақсатында конкурс ұйымдастырылғанымен, қызығушылық танытқан кәсіпкер болмауда, - деп қысқа қайырған. Ал, Қамысқала ауылдық ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тажиденова негізсіз баға көтеріп, халық арасында реніш туғызған кәсіпкерлер жақында жоспарлап отырған жиында жауап беретінін айтады. «Автобус шығаруға келсек, аудандағы ЖКХ бөлімі арқылы жолаушылар тасымалы үшін әлсін-әлсін тендер жарияланып тұрса да, еш кәсіпкер құлшыныс танытпай отырғанын қаперге беремін. Жиналыста алынатын шаралар туралы сіздерге уақытында ақпарат береміз» дейді ауыл әкімі.

Мақаланы дайындау барысында ауыл таксистерінің де пікірін білдік. Жолдың тозығын, автобөлшектер бағасының қымбаттығын, сондай-ақ жыл сайын патенттің өсіп отырғанын алға тартқан қамысқалалалық такси жүргізушілері «Жол жөнделсе, жолақыны да жөнге келтіреміз» деп отыр. Сонда не болмақ? Күрежолдың қотырына ауыл тұрғындары айыпты ма? Қызық...

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

қыркүйек 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz