Кеше үйленіп, бүгін ажырасып жатыр

Медиацияның көздейтіні – бітімгерлікке шақыру, яғни, істі дауға ұластырмай, тараптарды бейбіт мәмілеге келтіру.

Соттату, жаза тағайындаудан бұрын «сен жақсы, мен жақсымен» келісімге келуді көздейтіндер осы медиаторлардың көмегіне жүгінеді. Сан түрлі оқиғалар орын алып жатқан мына қоғамда медиаторлардың көрмей жүрген дауы, араласпай жүрген мәселесі жоқ. Оның бірқатары бүгін Аққыстау ауылдық округі әкімдігінде өткен медиация кабинетінің ашық есік күнінде айтылды.

media41

Аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Абилхасимов бастаған, аудандық алқа билер төрағасы Жұмажан Қадимов, медиатор Гүлбану Кабулова мен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Бектенов, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Ботагөз Құлғалиева, сондай-ақ, басқа да сала мамандары қатысқан шарада қоғамның өзекті мәселелері қозғалды.

media32

Медиатордың айтуынша, ауданда ажырасу фактісі көп. Әсіресе, жастар арасында көп орын алып жатқан неке бұзудың басты себебі ақыл тоқтатпай жатып шаңырақ көтеру екен. – Үйленгені кеше ғана, бір жапырақ қағазға арыз жазып келіп тұрады. «Бізді ажыратыңызшы» дегенін естігенде жүрегің ауырады. Тіпті, ақылыңа құлақ аспақ түгілі, сөзіңді тыңдағысы келмейтіндер де бар, - дейді медиатор, ардагер кітапханашы Гүлбану Кабулова.

media25

«Бұның себебі неде, шешу жолы қайсы?» деген сауалға келгенде әркім әртүрлі пікір білдірді. Аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы Жұмажан Қадимов әйелдер ісімен айналысатын кеңестің жұмысын сынға алса, ардагер ұстаз Ерболат Насимуллин шараларымыздың көбі өз деңгейінде, шынайы түрде емес, «әйтеуір өттімен» жылы жабылып жатқанын жасырмады. Осы ашық есік күнін де сол «өтті, кеттінің» біріне балаған ол кінәнің көбін қазіргі ақпараттық қоғамнан көретінін айтады. «Қазір ақпараттың жақсылықтан гөрі жамандықты насихаттауда үлес салмағы басымырақ. Телеарналар мен интернет желілеріндегі кейбір жағымсыз қылықтарды бойына сіңіріп жатқан жастар көп» деген ардагер тәрбиеге мән беру қажеттігін айтты. «Аға ұрпақ, орта буын және жастар арасында ашық пікір алаңын ұйымдастыру қажет. Арнайы топ құрып, ауылдарды аралап, тағылымды кездесулер өткізуді де қолға алған дұрыс». Жиынға қатысушылар осындай тоқтамға келді.

Айтпақшы, басқосуда ауданда аты бар да, заты көріне бермейтін аналар кеңесін жоқтағандар да аз болмады. Төрайымы төбе көрсетпеген ұйымның мойнындағы міндет көп-ақ. Бірақ, жұмысы жоқтың қасы. Осыны да ойға алған, ойға ғана емес қолға алған дұрыс-ау.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521