«Опель» жауған жыл

Армения мемлекеті Кедендік одаққа кіргелі қаракөздеріміз Арарат тауы етегіндегі аумағы Ақтөбе облысының бестен біріндей ғана болатын шағын мемлекетке қолда бар ақшаны тірілей, ал жоқ ақшаны банктен несие түрінде рәсімдеп қапшықтап тасып жатыр.

Арменияға барып, деректі фильм түсірген қазақ журналистерінің дерегінше, ол жақта күніне 1000 шамалы көлік рәсімделеді екен. Оның жартысы өз азаматтарымыздың еншісінде болса, қалғаны Ресей, Беларусь, Украина елдерінің үлесінде. Ал, аяқтай барып, көлік алып келген ауылдас таныстардың айтуынша, ол жақта да көлік құны қазір аспандап кетіпті. Тіпті, күнде кешқұрым парақтайтын «List.AM» сайтындағы бағалар әдейі, астыртын қойылған, клиент тарту үшін қолдан ұйымдастырылған әдіс деседі. Өйткені, сайттағы арзан бағаға ойдағы шетелдік көлікті емес, атам заманғы ескі ресейлік шіріген жигулиді ғана алады екенсің. Сондықтан ол жаққа барғандардың дені бүгінде ең қолжетімді, 1 миллион теңгенің о жақ, бұ жағындағы бағаға опель маркалы көліктерді әкеліп жатыр. Ал, ондай арзанқол көліктер өзімізде де толып тұрған жоқ па?

АМАНЖОЛ, АҚҚЫСТАУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Армениядан көлік сатып алу бір әңгіме болса, алған көлігіңді Қазақстанға аман-есен алып келу бөлек әңгіме. Біріншіден, көліктің қозғалтқышына «присадка» деген сұйықтық құяды екен армяндар. Сонда түтіндеп, май «алып» тұрған машинаның ақауы білінбей қалады. Тек тау-қыратты жолмен өрге көтерілген кезде ғана нағыз бет-бейнесі көрінетін көліктердің талайы жолда тұрғанын көзім көрді. Оның үстіне Арменияның жолдары тарлық етіп, жүк көліктерінің ығында қысылып қалып, көлігін зақымдап, тіпті апаттық жағдайға тап болғандар қаншама? Сауда сақал сипағанша деген тәмсілмен алдап соғып, лезде сазға отырғызып кететін алаяқтар да кездеспей тұрмайды. Сондықтан, реті келіп, лажы болса бәлен жерде бақыр бар деп алыстан арбаламаған тыныш деп ойлаймын. Тіпті, Арменияға көлік әкелуге баруға тура келіп тұрса, бұрын-соңды жолы түскен, жөнді білетін жақсы танысқа ілесіп барған дұрыс.

Иә, шынымен де биылғы жыл опель жауған жыл болды. Оң жағыңа қарасаң да армяндық нөмірі бар опель, сол жағыңа қарасаң да опель. Шамасы, біздің қазақ алтын шыққан жерді белден қаз деген тәмсілді берік ұстанатын болған-ау. Бұның қандай сөкеттігі бар дерсіз бәлкім, бұл отандық экономика үшін бір соққы болса, екіншіден біреудің қаңсығын өзіне таңсық көріп жүрген отандастарымыз үшін де орны толмас шығын болуы мүмкін. Не де болса арты қайырлы болса екен.

Өз тілшіміз

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521