Аққыстауда Дарын Зұлхашевқа арналған турнир өтті

Исатай ауданының Құрметті азаматы, белгілі меценат Зұлхашев Дарын Еркінғалиұлын еске алуға арналған футзалдан аудандық турнир өтті.

Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Марат Мурзиев өңіріміздің дамуына өз үлесін қосқан Дарын Еркінғалиұлының атымтай жомарттығы мен спорт пен өнер саласына деген жанашырлығын атап өтті. - Бұл жарыстың басты мақсаты - Дарын бауырымызды еске алу, ауданымызда спорттың бұқаралылығын дамыту.

Басқа да қамқорлықтарымен қатар аудан спортына үлкен қолдаулар көрсеткен Дарын Еркінғалиұлының өмірден өткеніне биыл жыл толып отыр. Осыған орай марқұмның досы әрі әріптесі, ауданның беделді кәсіпкері Алмас Аманбаевтың ұсынысымен және демеушілігімен Дарын Зұлхашевтың атындағы алғашқы еске алу турнирі басталғалы тұр, - деген Марат Мурзиев енді бұл жарыстың жылма-жыл дәстүрлі түрде өтіп тұратынын айтты.

darih1103

Одан соң сөз кезегін алған аудандық мәслихат депутаты Аманжол Рахметов Дарын Еркінғалиұлының көпке үлгі болардай асыл қасиеттері мен еңбекқорлығын ерекше атады. - Оның ғұмыры қысқа болса да, артында үлкен ізі қалды. Біз, әріптестері бүгін Дарынды еске ала отырып, оның анасына, отбасына, туған-туыстарына есендік тілейміз. Ал, жарысқа қатысушыларға сәттілік серік болсын, - деді аудандық мәслихат депутаты.

darinz

Жарыс салтанатының құрметті қонақтары қатарында Дарын Зұлхашевтың анасы, жары, бауырлары болғанын да айта кетейік. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған жарысқа ризашылығын білдірген Дарын Зұлхашевтың анасы Күлән апай ұлының есімінің ескеріліп жатқаны, оның рухына деген құрмет, әулетіне деген рухани қолдау деп ұғынатындығын білдірді.

darinzul

- Өмірден өткен ұлымызды еске алып осындай үлкен жарыс өткізіп жатқан аудан әкімдігіне, ұлымның еңбектес досы Алмас балама әулетіміздің атынан алғысымызды айтамыз, - деді ана. Артына ізін қалдырып, көптің алғысына бөленген, аз ғұмырында елінің баласы бола алған азаматты тәрбиелеген ана сонысына қылатын шүкіршілігін де жасырмады. Жарысқа ауданға қарасты барлық ауыл командалары қатысты. Тартысты өткен доп додасы екі күнге созылды. Қорытындыда Аққыстау құрамасы жеңімпаз атанса, аққыстаулық "Достар" екінші орынға қол жеткізді. Үшінші орынға "Барыс" клубы командасы ие болды.

darinzulq

Кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Алмас Аманбаевтың демеушілігімен жеңімпаз командаға 100 мың, екінші орын иегерлеріне 70 мың, үшінші орынға 50 мың теңгеден қаржылай сыйлық табысталды. Ал, Дарын Зұлхашевтың құрдастары жартылай финалға дейін жеткен Зинеден құрамасына 30 мың теңге, сондай-ақ жекелеген үздіктерге жүлделер тағайындапты. "Айбас ШҚ" басшысы Мұхаммедрахим Ғалымұлы мен "Атамекен Айбас ШҚ" басшысы Гаухар Ниғметоллақызының демеушілік үлесін де айта кеткен жөн.

darin110320

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521