bannerqaz

Әлемді бағындырған Мұхаммедрахим

Әлі есімде, 2002 жыл болуы керек, ауыл арасында «Ғалымның баласы Еуропаға барып, елге Әлем чемпионы болып келе жатқан көрінеді» деген гу-гу әңгіме желдей есіп тұрды.

Ауыл ақсақалдары да, аудан басшылары да, қарапайым тұрғындар да мәз. Енді қайтсін, өздерінің ортасынан тұңғыш рет Әлем чемпионы шығып жатса?! Жалпы, өзім журналист болғандықтан, Мұхаммедрахимның спорттағы аяқ алысына көз қырымды салып жүретін едім. Қай уақытта да спорт залға барсаң, ақ тер, көк тер болып, жаттығу жасап жатады. Шаршау дегенді білмейді. Бойында бір қайсарлық бар секілді. Сондай сәттерде ішімнен: «Әй, осы Беріштің Жайығынан шыққан Тот, Сәт аталарың палуан болған. Тот той-томалақты әрқашан төбелеспен «сәндендірген» сотқарлау, ал, Сәт елге танылған әйгілі сынықшы деп естуші едім. Соларға ұқсаған бойыңда бір тектілік бар-ау шамасы...» дейтінмін.

1997-2002 жылдар аралығында Мұхаммедрахим бірнеше рет жасөспірімдер арасындағы облыстық, республикалық чемпионаттар мен ірі халықаралық турнирлерде жеңімпаз һәм жүлдегер атанып, Атырау облысындағы спорт жанашырлары мен сала басшыларының, самбо күресінен аға жаттықтырушылардың назарына ілікті. 2002 жылы ол Югославия мемлекетінің Белград қаласында өткен Әлем чемпионатына аттанды. Әрине, жауапты бәсекеге өте мұқият даярланды. Чемпионат алдында М.Оңдағанов, К.Қойшыбеков сынды еліміздегі самбо тізгінін ұстаған азаматтар да одан қолдан келер көмектерін аяп қалған жоқ. Жарысқа Жапония, Белоруссия, Ресей, Израйль және басқа мемлекеттерден, барлығы 39 елден, жауынгерлік самбо күресінің әдіс-тәсілдерін жетік меңгерген кіл мықтылар жиналған екен.

«Ұрыста тұрыс жоқ» дегендей, Мұхаммедрахим олардан үрке қойған жоқ. Қалайда намысты қолдан бермеуге тырысты. Ақыры ақтық сында бәрін таза жеңіп, самбодан жастар арасындағы Әлем чемпионы атанды. Қуанышында шек жоқ. Әлем чемпионын Атырау өңірі құшақ жая қарсы алды. Елде де чемпионға деген сый-құрмет ерекше болды.

Бүгінде жасы үшінші мүшелге иек артқан Әлем чемпионы «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының мұнайды дайындау және айдау цехында оператор болып еңбек етеді. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бітірген ол Венера атты сұлуға үйленіп, екеуі Әбілмансұр, Малика, Мұстафа, Медина есімді ұл-қыздарын тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана атанды. Балалары да спортқа бейім. Мүмкін, Оралбековтер отбасынан тағы да бір әлем чемпионы тәрбиеленіп шығар. Сол күнге жеткізсін.

Аяпберген САЛИХОВ

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

қыркүйек 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz