bannerqaz

Жасыл алаңымыз жарыссыз қалды. Неге?

Өзге аудандар жылап көрісетін өзіміздің орталық стадион футбол ойнап жаттығудан гөрі кешкісін бала-шаға серуендейтін ойын алаңына айналғалы қашан?

Ана жылдары ауыл жастары тұрмақ, ауданның спортсүйер үлкен-кіші тұрақты қауышып тұратын жасыл алаң біраздан бері жарыс өтпей, жетімсіреп қалды. Жылда өтетін аудан әкімінің кубогі, аудан біріншілігі сияқты додалар да бірем-бірем ғайып болғандай. Мектеп түлектерінің 20 жылдық мерекелері құрметіне солардың қаржысына кіші аяқдоптан тұрақты түрде өткізілетін турнир мен ара-тұра ұйымдастырылатын мерекелік жарыстар (ол да мекеме-кәсіпорындар арасында) болмағанда бұқаралық спорттың жағдайы мүлде мүшкілдене түсер ме еді? Дегенмен, осы саламен тікелей айналысатын мәдениет және спорт бөлімі спортқа құмар ауыл азаматтарын «кім, не өткізеді?» деп айдалаға алақтатпай, бір жерге ұйыстырып, шағын да болса жарыстар ұйымдастырып тұрса қайтеді, осы? Әлде, оған бюджеттен қаржы қарастырылмай ма? Мейлі, қарастырылмай-ақ қойсын, дәл осы ауданда спорттың бұл түрінен бизнес жасап ешкім көктетпес. Мәселе тұрғындардың, соның ішінде жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда, оларды салауатты өмірге баулуда болып отыр.

s

Жақында орталық стадионда аудан әкімдігі құрамасы мен «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы мекемесі командалары арасында футболдан жолдастық кездесу өтті.

s

Аудан әкімдігі футбол құрамасының бастамасымен ұйымдастырылған кездесу көптен тыншып қалған жасыл алаңның сәнін кіргізді. Тартысты ойын өрнегін көрсеткен қос команда 1:1 есебімен тең тарқасты. Бастысы, алаңның әр бұрышын бөліп алып, бес-алты адамнан жиналып жіберіп кіші аяқдоп ойнайтын жастардың кәдімгі он бір кісілік футболға деген қызығушылығы қайта оянғандай. Ұйыстырар мекеме, ұйытқы болар жан болса, ілестіріп әкетер спортқұмар үлкен-кіші көп ауылда. Жазғы демалыс уақыты болған соң, оқудағы студенттер де ағылып келіп жатыр. Қысқасы, жастарға жағдай жасайтын нағыз уақыт – осы. Ендеше, орталық стадионның бос тұруы жөн бе?

 

Спорттың бұқаралылығын дамытуды қағазбен ғана емес, іспен де көрсетіп қойған дұрыс-ау...

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Бейнебаян жаңалығы

Күнтізбе

желтоқсан 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031

Жарнама

ads_sidebar-min

bannerqaz