ҚР Ата заңы жобасының негізгі жаңалықтары адам құқықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеруге, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге және әділетті әрі ашық басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Бұл өзгерістер мемлекеттің басты құндылығы ретінде адамды, оның құқықтары мен бостандықтарын айқындап, құқықтық мемлекетті нығайтуды көздейді. Конституция жобасында әрбір азаматтың заң алдындағы теңдігі, жеке өміріне қол сұқпау және әділ сотқа қол жеткізу құқықтары нақты әрі айқын бекітілген.
Сонымен қатар, билік тармақтарының өзара тежемелік әрі тепе-теңдік қағидаттары күшейтіліп, басқару жүйесінде жауапкершілік пен есептілік арттырылуда. Заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің өкілеттіктерін нақты айқындау мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, биліктің бір қолға шоғырлануына жол бермейді. Бұл қоғамдағы тұрақтылық пен сенімді нығайтатын маңызды факторлардың бірі болып табылады.
Ата заңы жобасында әділетті және ашық басқару қағидаттарына ерекше мән берілген. Мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қоғам алдындағы есептілігі күшейтіліп, азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігі кеңейтіледі. Бұл халық пен билік арасындағы өзара сенімді арттырып, демократиялық құндылықтардың дамуына жол ашады.
ҚР Ата заңы жобасы құқықтық мемлекет құруға, азаматтардың мүддесін қорғауға және әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды құжат болып табылады. Ол Қазақстанның саяси, әлеуметтік және құқықтық дамуына берік негіз қалайды.
Ерболат МАХАШОВ,
Аққыстау ауылдық округінің әкімі



