- Информация о материале
- Автор: Бекарыс
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- Просмотров: 43
Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, «Жаңа қоғамдық этика: мәдениет, әдеп, әдет» атты республикалық форумға қатысты. Бұл – Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясында конституциялық органның өңірлерде өткізген алғашқы іс-шарасы. Диалог алаңында мыңнан астам қоғам өкілі, белсенді аналар мен сарапшылар бас қосты.
Алдымен Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың форум қатысушыларына арналған құттықтау хатын оқып берді. Президент республикалық форумының ашылуымен құттықтап, Қазақстан Халық Кеңесінің ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан алқалы жиын ұлттық тәрбие мен қоғамдық мәдениеттің сабақтастығын дәріптейтін маңызды іс-шара екенін атап өтті.
«Конституция – еліміздің өсіп-өркендеуіне жол ашатын қастерлі құжат әрі халқымыздың жаңа дәуірдегі болмыс-бітімін айқындайтын темірқазық. Сондықтан бәріміздің алдымызда тұрған аса маңызды мақсат – Конституциямыздың басты құндылықтары мен маңызын халық арасында, әсіресе, жастарға жан-жақты түсіндіріп, кең ауқымда дәріптеу. Өйткені, қазіргідей құбылмалы, тұрақсыз және күрделі уақытта мемлекеттігіміздің мыңдаған жылдық тарихы мен дәстүрін жадымызда сақтай отырып, жұртымыздың бойына озық ойлы ұлтқа тән игі құндылықтарды сіңіру аса өзекті міндет саналады» – делінген құттықтауда.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы өркениетті ел болу қастерлі Отанымыздың мүддесі үшін тұтас қоғам болып табанды еңбек етуден басталатынына ерекше мән берген. Себебі, еңбекті қадірлейтін қоғамның азаматтары әр іске зор жауапкершілікпен, жанашыр жүрекпен және адал ниетпен қарайтыны сөзсіз.
«Біз тұтас қоғам болып «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолға алдық. Бүкіл ел бойынша тазалық іс-шараларын жүргізіп, осы қасиетті ұғымның терең мағынасын жұртымыздың, әсіресе, жастарымыздың санасына сіңіре бастадық. Осылайша, тазалық ұлт болмысының ажырамас бөлігіне, халқымыздың мызғымас құндылығына айналуда. Біз заң мен тәртіп үстемдік құратын, білім мен ғылымға, инновацияға баса мән беретін, бірлігі бекем, Әділетті, Қауіпсіз, Күшті әрі Таза Қазақстанды құрып жатырмыз. Осы маңызды миссияны жүзеге асыруға мемлекеттік мекемелермен қатар, тұтас қоғам, яғни әр отбасы, әр азамат, сондай-ақ қоғам белсенділері, ұстаздар қауымы және еріктілер күш біріктіріп, белсене атсалысуы керек. Бүгінгі басқосуда айтылатын ұтымды ұсыныстар мен тың идеялар осы мақсат-міндеттерді іске асыруға ықпал етеді деп сенемін», – делінген Президент құттықтауында.
Ерлан Қошанов өз сөзінде Мемлекет басшысы алға қойған ауқымды міндеттерді іске асыруда Халық Кеңесінің белсене атсалысатынын атап өтті. Конституциялық консультативтік органның басты миссиясы – жұртшылықты Президент реформалары мен бастамалары төңірегінде топтастыру.
«Бүгінгі әңгіме – Отан мен отбасы туралы әңгіме, болашақ туралы әңгіме. Әдеп пен әдет, қоғамдық этика арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру туралы кеңес. Конституциямен бірге қоғамның сана-сезімі мен дүниетанымында да терең әрі маңызды өзгерістер орын алып жатыр. Президент әрбір қазақстандықтың туған тілін құрметтейтін, салт-дәстүрін сақтайтын, үлкенді сыйлап, білімге ұмтылатын, сонымен қатар әлемге ашық азамат болғанын қалайды. Осы қасиеттер отбасындағы тәрбиеден басталып, «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал азамат» қағидаттары арқылы қалыптасуы тиіс», – деді Е. Қошанов.
Халық Кеңесінің Төрағасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары жеті жыл ішінде ел өміріне елеулі өзгерістер әкелгенін айтты. Жаңа экономикалық саясат экономиканы әртараптандыруға, әлеуметтік әділдікті нығайтуға мүмкіндік берді. Кейінгі жеті жылда Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 181,7 млрд доллардан 306 млрд долларға дейін өсті. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 9,8 мың доллардан 15 мың долларға жетті. 25 мың шақырым жол салынды. 1 300 жаңа мектеп бой көтерді, «Келешек мектептері» жобасы аясында 217 мектеп салынды.

Президент бастамасымен тәуелсіздік жылдарында бұрын-соңды болмаған ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Бүгінде Қазақстан экономикалық тұрғыда да, әлеуметтік, мәдени-рухани тұрғыда да дамудың жаңа кезеңіне қадам басуда.
«Осы жаңғыру үдерістерінің шарықтау шегі – жаңа Халық Конституциясы. Онымен бірге бүгінде адамдардың жүрегі мен санасында терең әрі маңызды өзгерістер орын алуда. Реформалар елімізді бүгін өзгертсе, құндылықтар оның елу жылдан кейін қандай болатынын айқындайды. Сондықтан Президент күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналуға тиіс қоғамдық құндылықтар мен бағдарларды жүйелі түрде қалыптастырып келеді», – деді Ерлан Қошанов.
Отырыс барысында форум қатысушылары тәрбие мәселесі, қоғамдағы адамгершілік құндылықтардың рөлі, білім беру және кітап оқу мәдениетін дамыту сияқты бірқатар маңызды мәселені ортаға салды.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Наталья Дементьева әскери бөлімдердегі моральды-тұрмыстық жағдайларды жақсарту мәселесін көтерді.
Бұл бағыт Халық Кеңесінің жұмысы аясында одан әрі жалғасын табады. Әскери бөлімдердегі жағдайды зерделеп, әскери қызмет өткеруді кезең-кезеңімен жақсарту шараларын айқындау жоспарланып отыр.
Тағы бір маңызды мәселе – жастарды жұмыспен қамту. «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Арман Түлкібаев сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп, жұмысқа орналасуға көмектесетін «JOLTAP» жобасын іске асыру тәжірибесімен бөлісті. Осы тәжірибені кеңінен қолдану перспективаларына, соның ішінде ауыл жастарының кәсіби білім алып, жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтуге мән берілді.
Кездесу барысында Халық Кеңесінің мүшесі, Республикалық Аналар алқасының төрайымы Назипа Шанаи және Құрылтай депутаты Снежанна Имашева мен облыс басшылығы да сөз сөйледі.
Сонымен қатар «Наири» ҚР армян мәдени орталықтарының қауымдастығы» ЗТБ Аналар алқасының төрағасы Татьяна Мурадян қоғамдық этика туралы сөз қозғаса, «Түркістан облыстық ата-аналар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ақбаян Жакипова әйелдер құқығын қорғау мәселесін көтерді. Ал қоғам қайраткері, ауған этномәдени бірлестігінің мүшесі Анна Мохаммад адал азамат туралы өз пайымымен бөлісіп, Амангелді ауылдық кітапханасының меңгерушісі Гүлсім Искалиева кітап оқитын ұлт мәселесін қозғады.

Форум мемлекет пен қоғам арасында ашық пікір алмасу алаңына айналды. Алқалы жиын қоғамдық құндылықтарды нығайтуға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және қоғамдық әдепті қалыптастыруға бағытталған ел дамуының стратегиялық бағыттары мен нақты бастамаларды ұштастырды.
- Информация о материале
- Автор: NarynTany
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- Просмотров: 49
Қазақстанның 50-ден астам болашақ әскери дәрігері Түркия, Армения, Қытай және Ресейдің медициналық жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Олар оқуын аяқтаған соң еліміздің Қарулы күштерінің әскери-медициналық бөлімшелерінде қызмет етуге дайындалады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлім етті.
- Информация о материале
- Автор: NarynTany
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- Просмотров: 50
Қазақстанда су үнемдеу жабдықтарын шығаратын отандық зауыттар саны 2024 жылғы төрттен жетіге дейін өсті. Биыл заманауи суару жүйелері тағы 158 мың гектар алқапқа енгізілді. Нәтижесінде олардың жалпы көлемі 702,3 мың гектарға жетті. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлім етті.
- Информация о материале
- Автор: NarynTany
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- Просмотров: 49
Бүгін Құрылтай отырысы өтеді. Онда депутаттар алдағы 3 жылдық бюджетті талқыға салып, мемлекеттік наградалар туралы Заңға енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларды пысықтайды.
- Информация о материале
- Автор: NarynTany
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- Просмотров: 35
Атырауда «Қазақ қоғамындағы кино мен театрдың рөлі» тақырыбында танымал өнер қайраткерлерімен кездесу өтті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.


