Қазақстанда Инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығы ашылды

 

Алматы қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған стратегиялық маңызды нысан – Инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығының ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, сондай-ақ Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.

Орталық COVID-19 пандемиясы кезіндегі мәселелерден сабақ ала отырып, денсаулық сақтау жүйесіндегі дайындық деңгейін арттыру, ғылыми әлеуетті дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу және кадрларды дайындау мақсатында тұрғызылды. 350 төсек-орынға есептелген жаңа мекеме еліміздің түкпір-түкпірінен туберкулезбен ауыратын 2,5 мың науқасты жыл сайын емдеуге және диагностикалық көмек көрсетуге ықпал етеді.

«Бұл орталық Президент тапсырмасымен ұлт денсаулығын нығайту және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бой көтерді. Бүгінде мұнда ғылыми зерттеулер, озық технология және болашақ мамандарды тәрбиелеу бағыттары өзара сабақтасып, біртұтас жүйеге айналып отыр. Инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығы өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтауға, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға және отандық медициналық ғылымды дамытуға зор үлес қосады деп сенемін», — деді Аида Балаева.

Премьер-министрдің орынбасары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде денсаулық сақтау нысандарымен қатар әлеуметтік инфрақұрылым да қарқынды дамып жатқанын атап өтті.

«Кейінгі екі жылда елде 695 жаңа медициналық нысан, 614 мың орынға арналған 419 жаңа мектеп салынды. Бұл 19 апатты мектепті жоюға, 58 мектептегі үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге және 190 мектептегі оқушы орындарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, 237 спорт нысаны пайдалануға берілді, оның ішінде 69-ы қалаларда, 168-і ауылдық жерлерде орналасқан. 2025 жылы 61 мәдениет нысанының құрылысы аяқталды. Өңірлерде 251 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл өзгерістер, ең алдымен, халықтың өмір сапасын арттыруға, әлеуметтік қорғауды нығайтуға бағытталған», — деп атап өтті А.Балаева.

Іс-шара барысында ИАҰҒО-ның бөлімшелеріне экскурсия ұйымдастырылып, мекеменің инфрақұрылымы мен жабдықталуы таныстырылды. Сонымен қатар мекеме ұжымымен де кездесу өтті.

Айта кетейік, Инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығы қысқа мерзімде салынған. Мұнда клиникалық көмек көрсету, ғылыми жұмыс жүргізу, білім беру, цифрлық технологияларды пайдалану секілді мүмкіндіктер бар. Орталық балалар мен жүкті әйелдерге де медициналық көмек көрсетеді. Төтенше жағдайлар кезінде жедел түрде 500 төсек-орынға дейін кеңейтілуі мүмкін.

ИАҰҒО – диагностика мен емдеуден бастап, инфекциялық және паразиттік ауруларға, оның ішінде дәріге төзімді туберкулез түрлеріне қатысты күрделі зертханалық зерттеулер жүргізе алатын толыққанды мекеме. Орталық инфекциялық қауіп-қатерге ұлттық деңгейде мән беретін, ғылыми жаңалықтар мен инфекциялық аурулармен жұмыс істейтін мамандарды кәсіби даярлайтын базаға айналмақ.

 

#Денсаулық сақтау #Инфрақұрылымдық даму #Президенттің тапсырмасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT