Конституция - ең алдымен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының жүйесін айқындайтын әрі бекітетін құжат. Сол арқылы олардың орындалуына кепілдік беріп, мемлекеттің тұтастығы мен дамуын, гүлденуін қамтамасыз етеді. Міне, елдің осынау басты құжаты – жаңа Конституциямыз наурыздың 15-індегі республикалық референдумда қабылданатын болды.
Жалпы, жаңа Конституция жобасы туралы аз айтылып жатқан жоқ, өйткені ол турасындағы ортақ ой, орынды ұсыныс-пікір артық етпесі кәміл деп есептеймін. Осы ретте айтпағымыз, жаңа Конституция жобасы жекелеген баптарды түзетумен шектелмей, мемлекеттің құқықтық табиғатын түбегейлі қайта пайымдауға бағытталған. Негізгі өзгерістердің өзегінде адамды мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде тану идеясы жатыр. Бұл Қазақстанда адамға бағдарланған мемлекет моделін орнықтыруға жасалған жүйелі қадам десек болады.
Қолданыстағы Конституциямен салыстырғанда жаңа жоба адам құқықтарын мемлекеттің барлық қызметінің басты өлшемі ретінде бекітеді. Мемлекет өз функцияларын азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асыратын тетік ретінде айқындалады.
Жаңа Конституцияда адам құқықтарының іргелі кепілдіктері күшейтілетіні көрініс берген. Мәселен, жеке басына қол сұғылмаушылығы, цифрлық дәуірдегі дербес деректерді қорғау, «Миранда қағидасын» бекіту сияқты нормалар көрсетілген. Жобада сонымен бірге сөз бостандығы, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігі, зияткерлік меншікті қорғау мәселелеріне қатысты ережелер де қамтылғанын көреміз. Жаңа Конституцияның өзекті идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновациялар айқындалған.
Бұл бағыттарды белгілеу кездейсоқ емес, керісінше Қазақстанның одан әрі дамуы үшін аса қажет жайттар. Күн сайынғы технологиялық ілгерілеу бүкіл планетаның болашақ өмір сүру парадигмасын өзгертіп отырған тез өзгермелі әлемде бас-ты ресурс пайдалы қазбалар емес, адамдар болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Конституцияда адами капиталды дамытуға басымдық беру дамыған елдер қатарынан өз орнын алуға мүмкіндік деп есептеймін. Ғылымның дамуы технологиялық серпіліске қуатты түрткі береді, жаңа нарықтар қалыптастырады, капитал тартады, тиісінше халықтың жалпы әл-ауқатын арттырады. Бұдан бөлек бұл мемлекеттің адамдарға үнемі инвестиция салып, ғылым мен білім беру жүйесін дамытып, ұлт сапасын тұрақты түрде көтеруге ниетті екенін көрсетеді.
Әділбек ЗАЙДУЛЛИН,
«Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы бастығының



