Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырысында Арал мәселесін қайта көтеруі – экологиялық қауіпсіздік пен өңірлік дамуға бейжай қарамайтынын көрсететін маңызды қадам. Арал теңізі – тек Қызылорда өңірінің ғана емес, бүкіл Қазақстанның экологиялық қасіреті әрі тарихи жауапкершілігі. Сондықтан Президенттің Қызылордаға арнайы келіп, Арал мәселесіне тоқталуы бұл проблеманың әлі де күн тәртібінен түспегенін аңғартады.
Арал теңізінің тартылуы ондаған жылдар бойы аймақтың табиғи тепе-теңдігін бұзып, халықтың денсаулығына, әлеуметтік жағдайына және экономикалық дамуына кері әсерін тигізді. Теңіз табанынан көтерілген тұз бен шаң ауаға тарап, ауыл шаруашылығына зиян келтіріп, тұрғындардың өмір сапасын төмендетті. Осындай күрделі жағдайда Аралды қалпына келтіруге бағытталған кез келген нақты жоба – болашаққа жасалған маңызды инвестиция.
Президент атап өткендей, қазіргі таңда Аралды биіктету шаралары қолға алынып, жобаның жыл соңында басталуы жоспарланып отыр. Бұл бастама Кіші Аралдың су көлемін арттырып, экожүйені біртіндеп қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұған дейін жүзеге асырылған жобалар Кіші Арал маңындағы балық шаруашылығының қайта жандануына, жергілікті халықтың тұрмысының жақсаруына оң әсер еткенін ескерсек, жаңа жобадан да үлкен үміт күтуге болады.
Арал мәселесін шешу – тек техникалық немесе инженерлік жоба емес, бұл әлеуметтік және адамгершілік мәселе. Теңіз тағдыры сол өңірде өмір сүріп жатқан мыңдаған адамдардың тағдырымен тікелей байланысты. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі, ұзақ мерзімді және ғылыми негізде жүргізілуі тиіс. Мемлекетпен қатар халықаралық ұйымдардың, ғалымдардың және жергілікті қауымдастықтың бірлескен әрекеті ғана нақты нәтижеге жеткізеді.
Мемлекет басшысының Арал мәселесін ұлттық деңгейде қайта көтеруі – экологияға жауапты саясаттың көрінісі. Кіші Аралдың суын қайтаруға бағытталған жобалар өңірдің экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, халықтың болашаққа деген сенімін арттырады. Аралды сақтау – табиғатты қорғау ғана емес, келер ұрпақ алдындағы ортақ парыз.
Тамара ТЕКЕБАЕВА,
кәсіпкер әрі тігінші



