Президенттің ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру туралы пікірі ел экономикасының болашағы үшін аса маңызды. Соңғы жылдары бұл салаға мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, биылдың өзінде шаруаларды қолдауға бір триллион теңге бөлінуі агроөнеркәсіп кешенін дамытуға деген саяси ерік-жігердің жоғары екенін аңғартады. Несиелердің уақытында берілуі ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтардың жұмысын жеңілдетіп, өндірістік үдерістің тоқтап қалмауына мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, Президент атап өткендей, мәселе тек бөлінген қаражаттың көлемінде емес, оны тиімді әрі мақсатты пайдалануда болып отыр. Ауыл шаруашылығының әлеуеті зор болғанымен, ол әлі толық іске асырылған жоқ. Озық агроэкономикаға көшу үшін Үкімет тарапынан нақты, жүйелі және ұзақ мерзімге бағытталған жоспар қажет. Бұл жоспар заманауи технологияларды енгізуді, еңбек өнімділігін арттыруды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын халықаралық стандарттарға сай етуді қамтуы тиіс.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған ірі жобалардың жүзеге асырылып жатқаны – оң үрдіс. Отандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске асатын, жалпы инвестиция көлемі 2 миллиард доллардан асатын жобалар үш мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ауылдық аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді. Өнімдердің шетел нарығына экспортталуы Қазақстанның аграрлық әлеуетін әлемге танытып, ел экономикасына қосымша табыс әкеледі.
Дегенмен, мұндай жобалардың санын арттырып қана қоймай, олардың тиімділігін қамтамасыз ету маңызды. Әр аймақтың табиғи, климаттық және экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып, дайын өнімді өндірістен бастап тұтынушыға дейін жеткізетін біртұтас жүйе қалыптастыру қажет. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің ысырабын азайтып, фермерлердің табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығын дамыту – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, ауыл халқының тұрмыс деңгейін көтерудің және экономиканы әртараптандырудың басты шарттарының бірі. Президенттің бұл салаға қатысты айтқан пікірі – агроөнеркәсіп кешенін жаңа сапалық деңгейге шығаруға бағытталған маңызды әрі өзекті бастама.
Арслан АМИРОВ,
Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі



