Депутаттар бас қосар орын «құрылтай» болуы дұрыс

 

Қызылдорда қаласында өткен бесінші Ұлттық құрылтайды әлеуметтік желіден қарап, негізгі тезистеріне назар аудардым. Біраздан бері айтылып жүрген саяси реформалар іс жүзінде жүзеге асатын болып жатқаны қуантты.

Мәселен, бір палаталы Парламентке көшу. Унитарлы мемлекетке Сенат деген артық құрылым еді. Депутаттардың бас қосатын орны енді Мәжіліс емес, «Құрылтай» деп аталатыны да дұрыс шешім. Ондағы депутаттар саны 145 болады екен, әңгіме санда емес – сапада. Ал сапалы Құрылтай болуы үшін бастысы – сайлауды әділ өткізу. Құрылтайға әділдігі айшықты, қабілет-қарымы жан-жақты, мемлекет пен халықтың мүддесін бәрінен жоғары қоятын азаматтар депутат болып өтуі керек.

Жетілдіретін мәселе, құрамында, яғни, депутаттардың қалай сайлануында. Қазіргі жоба тек қана партиялық тізіммен деп айтылып отыр. Менің ұсынысым – жартысы партиядан, жартысы бір мандаттан жасақталғаны әділдікке сай келеді.

Меніңше, Вице-президент лауазымын енгізу де дұрыс. Тек, бұл жауапты лауазымға үміткер лайықты болғаны абзал. Президент тағайындағанда Құрылтай мүшелерінің келісімі ескерілуі керек.
Сондай-ақ Президент Халық кеңесін құруды ұсыныпты. Бұл да дұрыс шешім – халықтың билікке жақындауы, ықпалы мен үнін жеткізу мүмкіндігі. Өткен ғасырдың аяқ кезінде Алматыдан «Халық кеңесі» деген газет шығып тұрды. Жақсы, тартымды газет болған еді. Мүмкін, жаңағы құрылым құрылса, осы газетті де қайта шығаратын болар. Халық кеңесіне де лайықты, белсенді және ұлтжанды азаматтардың мүше болғаны керек.

Саяси реформалар жалғасын таба берсін. Ол – мемлекеттің тұғырлы болуының, халқының шат болуының кепілі болғаны абзал.

 

Ибатолла СӘТЕНҰЛЫ,
ардагер-журналист, жергілікті қоғамдастық кеңесінің мүшесі
Х.Ерғалиев ауылы 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT