Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбатында әлеуметтік саясаттың мәні мен мазмұнына, мемлекет жауапкершілігі мен азаматтық жауапкершіліктің ара-жігіне қатысты бірқатар маңызды мәселені ашық көтерді. Бұл қоғамда көптен бері айтылмай, іште қордаланып қалған мәселелерді ашық атауымен құнды. Әңгіме әлеуметтік қолдаудан бас тарту туралы емес, керісінше, оның мәнін жоғалтпау, әділетті әрі жауапты жүйе қалыптастыру жайында.
Президенттің басты ойы анық: Қазақстан – әлеуметтік мемлекет, бұл ұстаным өзгермейді. Бірақ әлеуметтік саясаттың шектен тыс жеңілдікке айналып, масылдық пен жүйелі заңсыздыққа жол ашуы – мемлекетті әлсірететін құбылыс. Мемлекет көмегі ең алдымен шын мұқтаж адамға жетуі тиіс. Ал «қағаз жүзіндегі» тіркеу, жалған мәртебе, қолдан жасалған статистика – әлеуметтік әділеттің түбіне жететін әрекеттер.
Сұхбатта білім мен медицина саласындағы «жан басына сәйкес қаржыландыру» қағидатына қатысты сын да орынды көтерілді. Мемлекеттік қаржы бөлінеді, бірақ нәтиже мен жауапкершілік арасындағы байланыс әлсіз. Бұл – жүйенің өзінде ақау барын білдіреді. Ашықтық пен цифрландыруды талап ету – уақыт талабы ғана емес, мемлекет мүддесін қорғаудың нақты жолы.
Мүгедектік пен «ардагерлік» мәртебенің қолдан көбейгені туралы деректер – жай статистика емес, қоғамның ар-ұятына қойылған сұрақ. Президенттің бұл мәселені ашық айтуы – әлеуметтік көмекті қаралау емес, оны тазалау ниеті. Себебі жалған жеңілдік алған бір адам – шын мұқтаж бір азаматтың үлесін тартып алады.
Қандастарға қатысты пікір де біржақты емес. Мемлекет тарихи Отанына оралған ағайынды қолдайды, бірақ қолдау – бейімделу мен ортақ талаптан босату емес. Барлық азаматқа ортақ заң, ортақ жауапкершілік, ортақ тәртіп болуы керек деген ұстаным – әділетті қоғамның негізі.
Бұл сұхбаттан аңғарылған басты түйін – әлеуметтік мемлекет дегеніміз бәрін мемлекетке артып қою емес. Әлеуметтік әділет тек бюджетпен өлшенбейді, ол тәртіппен, адалдықпен, еңбекпен және жауапкершілікпен қалыптасады. Президенттің айтқаны – қатаң ескерту емес, қоғамды есеюге шақырған сөз.
Еліміздің болашағы туралы ой да осы тұста түйінделеді. Заңға бағынатын, еңбекті қадірлейтін, білімге ұмтылатын, мемлекетке емес, өзіне сенетін ұрпақ қана Қазақстанды шын мәнінде әлеуметтік әрі әділетті мемлекетке айналдыра алады.
Орынгүл ҚҰРМАНҒАЗИЕВА,
Әлеуметтік сала ардагері
Исатай ауданы


