Елімізде алдағы уақыттарда мемлекетіміздің болашағына тікелей әсер ететін үлкен, түбегейлі өзгерістер кезеңі басталғалы отыр. Бұл - жай ғана саяси науқан емес, бұл ел игілігі үшін жасалып жатқан маңызды қадамдар. Президентіміз қолға алған бастамалардың барлығы – халықтың тұрмысын жақсарту, әлеуметтік жағдайын түзету, әділетті қоғам қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан батыл шешімдер. Мемлекет басқару жүйесін жаңғырту, жауапкершілікті арттыру, заң үстемдігін күшейту – осының бәрі елдің ертеңі үшін жасалып жатқан реформалар. Елдің ертеңіне енжар қарамайтын мамандардың да, оған өзіндік ой-пікірлерін қосқан қарапайым адамдардың да көпшілігі осындай ортақ ой, пайымды пікірлер тұрғысында сөз саптайтын болған бұл кезең тәуелсіз мемлекетіміздің өміріндегі тарихи кезеңдердің бірі екені даусыз. Ал мұның бәрінің түйінделер тұсы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен республикалық референдум өтетін болып белгіленген 15 наурызда қабылданатын еліміздің жаңа Конституциясы көтерер жүк, көрсетер қызмет болмақ.
Иә, Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойды. Ал оған дейін Конституциялық комиссия Ел Президентіне жаңа Конституцияның қорытынды жобасын ұсынған болатын. Мемлекет басшысына Комиссияның жаңа Конституция жобасы бойынша атқарған жұмысы туралы да мәлімет беріліп, оның төрайымы Эльвира Әзімова Комиссияның соған дейін өткен он екі отырысының нәтижесінде жаңа Ата Заңның қорытынды жобасы әзірленгені жөнінде баяндады.
Біз, барша қазақстандақтар, ойға алған мақсат-мұраттың ел игілігіне ертерек орындалуын қалайтын елміз. Жаңа Конституция жобасы ел талқылауына түскелі әр азамат өз ой-пікірі мен жеке көзқарасын танытатын ашық пайымдарын бүкпесіз білдірді. Қоғам талқысына түсіп, 130 сарапшы мен саяси ой қосудан шет қалмаған дүйім жұрттың қатысуымен талданып-таразыланған жаңа Конституция жобасын бүкіл халық болып мақұлдайтын, яғни 15 наурыз қазақ елі үшін тарихи күн ретінде таңбаланбақ. Жақсылықтың жақын болуын қалайтын жұрт Президент Қ.Тоқаевтың шешімін қолдайтындықтарын білдіруде. Олар сол күнгі референдум арқылы жаңарып, жаңғыратын жаңа Конституциямыз Қазақстанды жарқын болашаққа бастайды деп сенеді. Елімізде бейбіт өмірді орнықтыра түсіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға нық қадам басар берекелі күн болсын деседі.
«Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы: «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал қойылып, республикалық референдумға шығарылсын» делінген Жарлық мәтінінде.
Республикалық референдумды дайындау мен өткізу референдумның орталық комиссиясының қызметін атқаратын Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ, референдумның аумақтық және учаскелік комиссияларының қызметін атқаратын аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына жүктелді. Үкіметке Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп, басқа да орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірге ұйымдастыру шараларын қамтамасыз ету тапсырылды.
Республикалық референдум өтетін күн – елдің еркін таңдауын танытар сәт. Осы жерде сол референдум турасында аз-кем әңгіме өрбіте кетудің де артығы болмас дедік. Референдум (лат. Referendum - хабарлануға тиісті нәрсе) - мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтық дауысқа салу. Мұндай демократиялық институт алғаш рет Швейцарияда қолданылған екен. Арнайы даярлықты қажет ететін төтенше, шұғыл мәселе дауысқа салынбайды. Референдумға заң немесе халықаралық шарт жобасы, басқару сипатындағы мәселелер ұсынылады.
Айта кетейік, жалпы алғанда, референдумның негізгі екі түрі бар: Резолютивті референдумда қабылданған шешімнің ешбір қосымша бекітусіз бірден мемлекет аумағында міндетті күші болады және жаңа референдумда ғана күші жойылады;
Консультативті референдум - белгілі бір мәселе жайындағы халықтың пікірін білу үшін өткізіледі.
Халықараралық құқықтық мәселе бойынша референдум (көбіне плебисцит делінеді) өткізу XX ғасырдың соңғы жиырма жылы ішінде өріс алған. Мәселен, Еуропа Кеңесіне мүше болу-болмау мәселесі бойынша Франция, Дания, Норвегия, Швеция, Ирландия елдерінде референдум өткізілді. Қазақстанда референдум өткізу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайды. Оған 18 жасқа толған Қазақстан азаматы қатыса алады. Сот төрелігі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік, салық саясаты, бюджет, билік орындарының құзыреті, басқару нысаны, адам бостандығы мен құқығы, әкімшілік-аумақтық құрылыс пен шекара мәселесі референдумға негіз бола алмайды. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы референдум 1995 жылы өткізіліп, онда халық бірауыздан Ата Заңды қабылдағаны белгілі. Ол жолы жаңа Конституцияны сайлаушылардың 90 пайызы қолдаған. Содан берідегі уақытта референдум өткен 30 тамыз Қазақстанда мемлекеттік мереке – Конституция күні ретінде мерекеленіп келеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынды. Мемлекет басшысы референдум маңызды дипломатиялық институт екенін айтты. Алайда Қазақстанда референдум соңғы рет 1995 жылы, қолданыстағы Конституция бекітілгенде өткенін әлгінде айтып өттік. Сол жиында Президент Конституцияның бүкіл халықтың дауыс беруі арқылы өзгеруі халықтың еркін білдірудің айқын көрінісі деп атады.
Мұндай тарихи кезеңді сыни кезең деп те қарасақ абзал. Ал оған ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы азаматтардың, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардың ұсыныстарын жан-жақты талдау, ашық жария қылулар және жаңа нормалар мен ережелерді егжей-тегжейлі пысықтау нәтижесінде әзірленген. Конституциялық реформаның бастапқы нүктесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бір палаталы парламент құру туралы бастамасы болды. Президент бұл идеяны 2025 жылғы 8 қыркүйекте саяси жүйені кешенді қайта жаңғырту және жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы-ның одан әрі барысына оң әсер ету мақсатында ел халқына жыл сайынғы Жолдауы шеңберінде айтты. Осылайша бастау алған бұл елдік іс одан берідегі сан-салалы салмақты жұмыстардан соң мәресіне жетіп, елдің еркіне салынып отыр.
Ендеше оған елжандылық тұрғысынан қарап, елдің ертеңі жолында бірлік пен сабырлылық таныта отырып, ел тағдырына бейжай қарамайтын әр азаматтың жауапкершілігін көрсететін маңызды кезеңде ұйымшылдық көрсете білсек ғанибет. Өйткені тұрақтылық пен татулық - кез келген реформаның табысты болуының басты кепілі екендігі есте болуы керек жайт.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР



