Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын әзірлеу – ел тарихындағы айрықша маңызы бар саяси-құқықтық бастама. Бұл қадам қоғамдық сананы жаңғыртуға, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және азамат пен мемлекет арасындағы өзара қарым-қатынасты жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған.
Құжаттың маңызын арттыра түскен басты ерекшеліктердің бірі – оның кең қоғамдық қатысумен әзірленуі. Азаматтар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар өз ұсыныстарын білдіріп, жоба ашық әрі жария форматта талқыланды. Мұндай ашықтық реформалардың заңдылығын нығайтып, қоғам тарапынан қолдау мен сенімнің артуына ықпал етті.
Жаңа Ата Заң жобасында адам құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде айқындалды. «Заң мен Тәртіп», әділеттілік қағидаттарының конституциялық деңгейде бекітілуі құқық үстемдігін күшейтіп, мемлекеттік институттардың өзіндік жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Конституциялық реформалар елдің ұзақ мерзімді дамуына негіз болатын стратегиялық басымдықтармен тығыз сабақтас. Білім мен ғылымды, мәдениет пен инновацияны дамытуға ерекше мән берілуі Қазақстанның болашағы адами капиталдың сапасына тікелей байланысты екенін көрсетеді. Сонымен қатар цифрлық кеңістіктегі азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған нормалардың енгізілуі заманауи сын-қатерлерге уақытылы берілген жауап болып табылады.
Саяси жүйені жаңғыртуға арналған өзгерістер де аса маңызды. Парламенттік реформалар аясында бір палаталы Құрылтайдың құрылуы мен пропорционалды сайлау жүйесінің енгізілуі саяси институттардың тиімділігін арттырып, азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Бұл өкілді биліктің сапасын жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.
Аудандық мәслихат депутаты ретінде бұл реформалар жергілікті деңгейдегі өкілді органдардың жауапкершілігін арттырып, олардың халық алдындағы есептілігін күшейтеді деп санаймын. Жаңа Ата Заң азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда ашықтық пен белсенділікті талап етеді.
Қорытындылай келе айтарым, жаңа Конституция – ел болашағына бағытталған тарихи таңдау. Оның жалпыұлттық референдум арқылы қабылдануы бұл құжаттың халық еркіне негізделгенін айқын көрсетеді.
Сәкен ШАРАПИДЕН,
Исатай аудандық мәслихат депутаты, заңдылықты сақтау, қорғау және депутаттық әдеп жөніндегі комиссияның мүшесі



