2026 жылғы 9 ақпан күні интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алу мақсатында Исатай ауданы Тұщықұдық ауылы аумағында орналасқан Құлыншақ бөбекжай бақшасы тәрбиешілерімен түсіндіру және профилактикалық бағыттағы кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қазіргі таңда кең етек алып отырған интернет-алаяқтықтың түрлері, олардың жасалу тәсілдері және одан сақтану жолдары туралы жан-жақты ақпарат беру болды. Кездесу барысында қатысушыларға жалған қоңыраулар, күмәнді сілтемелер, әлеуметтік желілер арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер, онлайн несие рәсімдеу кезіндегі қауіптер, банк карталарының деректерін қорғау жолдары туралы кеңінен түсіндірілді.

Сонымен қатар, бейтаныс нөмірлерден келген хабарламаларға жауап бермеу, жеке деректерді (ЖСН, банк картасының нөмірі, SMS-кодтар) үшінші тұлғаларға бермеу, тек ресми қосымшалар мен сенімді сайттарды пайдалану қажеттігі атап өтілді. Қатысушыларға күмәнді жағдай туындаған кезде дереу құқық қорғау органдарына немесе банк мекемесіне хабарласу керектігі ескертілді.
Кездесу барысында тәрбиешілер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты мысалдар арқылы кеңестер алды. Осындай профилактикалық шаралар тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып, интернет кеңістігінде қауіпсіз жүріп-тұру мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізеді.

Нұрмұханбетов Дулат Болатұлы,
Исатай аудандық полиция бөлімінің Криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі полиция капитаны



