Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясы – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын тарихи құжат. Бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы қатынасты жаңаша сипатта қалыптастыратын маңызды қадам. Ата Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар халықтың сұранысына сай жүзеге асырылып, елдегі саяси жүйені жаңғыртуға бағытталды. Конституциялық реформалар билік тармақтарының теңгерімін нығайтып, Парламенттің рөлін күшейтуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жетілдіруге мүмкіндік берді.
Жаңа Конституцияның басты мақсаты – әділ әрі ашық қоғам құру. Осыған сәйкес, адам құқықтарын қорғау тетіктері күшейтіліп, заң үстемдігін қамтамасыз етуге ерекше мән берілді. Конституциялық Соттың қайта құрылуы азаматтардың өз құқықтарын қорғаудағы мүмкіндіктерін кеңейтті. Бұл қадам қоғамдағы сенімді арттырып, әділеттілікті қамтамасыз етуге негіз қалайды.
Сонымен қатар, реформалар саяси бәсекелестікті дамытуға, азаматтық қоғам институттарының белсенділігін арттыруға жол ашты. Сайлау жүйесіндегі өзгерістер халықтың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтті. Жер мен табиғи ресурстарға қатысты нормалардың нақтылануы ұлттық мүддені қорғауға бағытталды.
Жаңа Конституция – тек құқықтық құжат қана емес, ол – ел болашағына бағытталған стратегиялық бағдар. Ол тұрақтылық пен бірлікті сақтай отырып, демократиялық қағидаттарды нығайтуға қызмет етеді. Әділ қоғам құру – әрбір азаматтың белсенділігі мен жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан жаңа Конституцияның рухы мен талаптарын жүзеге асыру – баршамызға ортақ міндет.
Ерлан МАХСОТОВ,
Жанбай ауылдық округінің әкімі



