«Экономиканың тұрақты дамуы үшін энергия ресурстарын тиімді пайдаланып, өңдеу өнеркәсібін дамыту аса маңызды», – деп атап өткен болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы ұстаным аясында Атырауда ірі газ-химия кешенінің құрылысы басталып, Павлодарда сұйытылған газды терең өңдеуге арналған жобаның қолға алынуы еліміздің индустриялық даму бағытының нақты көрінісі болып отыр. Бұл бастамалар шикізаттық тәуелділіктен арылып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге мүмкіндік береді.
Берілген бастамалар Қазақстан экономикасының құрылымдық жаңғыруына бағытталған маңызды қадам екенін көрсетеді. Атырауда газ-химия кешенінің, Павлодарда сұйытылған газды терең өңдеу жобасының қолға алынуы – шикізаттық модельден арылып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге бет алғанымыздың айғағы. Алайда бұл жобалардың табысты болуы олардың дер кезінде іске қосылуына және тұрақты шикізатпен қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты.
Ілеспе газ бен сұйытылған мұнай газын тиімді пайдалану мәселесін қайта қарау – уақыт талабы. Қазір инвесторлардың газ тапшылығына тап болуы жүйелі проблемалардың бар екенін аңғартады. Сондықтан газ ресурстарын ұзақ мерзімге жоспарлап, инвесторларға нақты кепілдік беретін жаңа басқару тетіктерін енгізу қажет. Бұл инвестициялық климатты жақсартып қана қоймай, ірі жобалардың тоқтап қалу қаупін азайтады.
Сонымен қатар экономиканы цифрландыру мен индустриялық дамудың негізгі тірегі – электр энергиясының жеткілікті болуы. Жасыл энергия көздерін дамыту, алдағы бес жылда 6,3 гигаватт қуат іске қосу жоспары Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, экологиялық жауапкершілігін арттырады. Бұл – халықаралық үрдістерге сай, болашаққа бағытталған шешім.
Дегенмен, жасыл энергияға көшу – мақсаттың өзі емес, құрал екені анық. Ең бастысы – елдің энергетикалық жүйесін ұзақмерзімді мүдделерге сай, тұрақты әрі теңгерімді дамыту. Осы тұрғыдан алғанда, аталған бастамалар дұрыс бағытта жасалғанымен, оларды іске асыруда жүйелілік, нақты жоспар және мемлекет пен инвесторлар арасындағы сенімді әріптестік шешуші рөл атқарады.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР,
тілші



