Қаңтардың 20-сында Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа парламентті Құрылтай деп атауды ұсынғанын оқып-біліп жатырмыз.
Халқымыздың қашаннан бергі қалпында қарт адам бар жақсылыққа тілекші болып отырады ғой. Мемлекет басшысының бір палаталы жаңа парламентке Құрылтай деген атау беруді ұсынғанына қуанып отырмын.
Жалпы, Құрылтай ұғымы қазаққа әуелден-ақ жақын ғой. Білуімізше, «Құрылтай» сөзінің түпкі мағынасы құралу, жиналу, түгелдену дегенге саяды депті мамандар жазбаларында. Олар оның негізінен түркі-моңғол халықтарына ортақтығын айтады. Халқымызда жалпы халыққа қатысты үлкен, ірі мәселелерді қарап, ірі шешімдерді қабылдауда үлкен жиын болып, құрылтай жиналатын болған екен. Бұл негізінен хан сайлау кезінде немесе жауланған жерлерге иелік ету болсын, әскери жорықтың негізі жоспарын бекіту, әскер басын тағайындау сынды ірі-ірі мемлекеттің мәселелерін шешуге ұйымдастырылған ұлы жиын екен. Осылайша қазақтың үлкен-үлкен мемлекеттік мәселелері шешіліп отырған.
Президентіміздің «Ең алдымен, болашақ парламенттің атауы бойынша пікірімді айтсам. Қысқаша айтқанда, Құрылтай деген атауды беру керек деп сенемін. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын.
Құрылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы көтердім. Бұл баяндаманың басында Құрылтай жұмысының тиімділігі мен пайдасына ден қойдым.
Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын» деуі де сол халықтық қалпымызға меңзеп отыр деп ойлаймын.
Бүгінде төрткүл дүниеге танылған Қазақстан еліміз бүкіл батыспен де, шығыспен де, яғни дүниедегі алыс-жақын елдердің көбімен түрлі бағытта байланыстар орнатып, қарым-қатынас жасау дәрежесіне жетті ғой. Оның үстіне қазіргі күрделі уақыт талабынан туындаған сан қилы, үлкен-үлкен, мән-маңызы ерекше елдік мәселелер сол Құрылтайда оң шешіліп жатса, оны өзге жұрттар қазақтың Құрылтайында шешілген деп айтар болса көңілімізге бір мақтаныш та ұя салардай сезініп отырмын. Лайым солай бола бергей де деген тілегім бар.
Айдолла НҰРСАПИН,
ауданның Құрметті азаматы.
Исатай ауылы



