Кітапхана – рухани орда

 

«Жуырда Астана мен Алматыда президенттік кітапханалардың құрылысы басталады. Бұл орталықтар тек кітап сақтайтын орын емес, қазақ тарихы, мәдениеті мен өркениетін дәріптейтін рухани ордаға айналуы тиіс» деді мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында сөйлеген сөзінде. Бұл барлық кітапханаларға да қойылған талап деп қабылдадық. 

Иә, кітапхана - оқырманға рухани азық беріп, жан дүниесін байытатын мәдени ошақ. Бұрыннан ғылым-білімнің ордасы саналған кітапхана қанша ғасыр өтсе де өз құндылығын жойған емес. Адамзаттың көкірегіне сәуле ұялатып, сауатын ашқан бұл тарихи мұраның жылдан-жылға үлкен қолдауға ие болып келе жатқаны қуантады.

Қазіргідей технологияның дамыған уақытында, ғаламтор мен әлеуметтік желінің кітапхана жұмысына кері әсерін тигізгенін сол салада қызмет еткен мамандар жақсы біледі. Бүгінде мемлекеттік жобалардың арқасында оқырмандардың қатары көбейіп, кітапхана жұмысы қайта жанданды. Уақыт атлабына үн қосқан руханият ордасы ұлттық құндылықтарды дәріптеп, болашағымыз - балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру жолында жұмыстар жүргізуде. Осы тұрғыда кітапханашы мамандардың да атқарып жатқан еңбектерін айтпай кетуге болмас еді. Олар әрбір мемлекеттік мерекелер мен даталы күндерде мәдениет үйлерімен бірлесе жүріп, жоспарлы түрде мазмұнды кештер, басқа да шаралар өткізеді. Бұл да кітапханаға келушілердің қатарын арттыруға септесер жұмыстардың бір бөлегі де саналады.

Елімізде кітапхананың мәртебесін арттырып, қалыпты қызмет етуіне әсері үлкен арнайы мереке - «23 сәуір – Ұлттық кітап күні» бекітілуі құптарлық іс болды. Бұл күні республика бойынша кітапханалар түрлі акциялар мен шаралар ұйымдастырып, кітаптың қоғамда маңызды рөл атқаратын құнды мұра екенін жұртшылыққа дәріптейді. Әсіресе, ойшыл, ғалым, елім деп еміренген ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттауда көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Соның ішінде қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев, ағартушы, ұстаз Ыбырай Алтынсарин сынды тұлғалардың туындыларының әсіресе руханиятты қалыптастырудағы маңызы аса зор.

Демек, жоғарыда келтірілген Мемлекет басшысының сөзінен анық аңғарылғандай қазақтың тарихы мен мәдениетін, өркениетін сақтап, кейінгі ұрпаққа дәріптеу жолындағы кітапхананың ендігі атқарар жұмыстары да зор болмақ. Ел Президентінің алға қойған бұл талабын басты назарда ұстап, оқырманға қалтқысыз қызмет ету кітапханашы мамандардың басты міндеті деп білеміз.

 

Сәния КӨБЕЙҚЫЗЫ,
аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT