Құндылықтар қайта қаралған сәт

 

Мұндай ауқымды әрі кешенді конституциялық реформа – Қазақстанның саяси кемелдену жолындағы заңды қадамы. Ұсынылып отырған жаңа Ата Заң жобасы тек жекелеген баптарды түзетумен шектелмей, мемлекеттің философиясын, даму бағытын және қоғаммен өзара қарым-қатынасын қайта пайымдауға негізделгені анық байқалады. Бұл – биліктің бастамасы ғана емес, азаматтық қоғамның, сарапшылар мен қарапайым халықтың пікіріне сүйенген ортақ ізденістің нәтижесі.

Құжаттың басты өзегі – адам. Адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалуы, әділеттілік пен заң үстемдігін конституциялық деңгейде бекіту – қоғамның ұзақ жылдар бойғы сұранысына берілген нақты жауап. Бұл өзгерістер мемлекет пен азамат арасындағы сенімді нығайтып, биліктің жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам деп бағалауға болады.

Сондай-ақ жаңа Конституция жобасында білім, ғылым, мәдениет пен инновацияға басымдық берілуі – еліміздің болашағын шикізатқа емес, адами капиталға негіздеудің айқын белгісі. Цифрлық құқықтарды қорғау нормасының енгізілуі де уақыт талабына сай шешім екені сөзсіз. Бұл Қазақстанның тек бүгінгі емес, ертеңгі сын-қатерлерге де дайын болуға ұмтылысын көрсетеді.

Парламенттік жүйені түбегейлі жаңғырту, бір палаталы Құрылтай құру, Халық Кеңесін қалыптастыру, вице-президент институтын енгізу секілді бастамалар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, қоғамдық диалогты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Бұл өзгерістер билік тармақтарының теңгерімін күшейтіп, саяси процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ең маңыздысы – бұл реформа жабық кабинетте емес, ашық талқылаулар арқылы жүзеге асырылуда. Азаматтардың пікір білдіруге нақты мүмкіндігінің болуы, ұсыныстардың ескерілуі жаңа Конституцияның шын мәнінде халықтық сипат алуына жол ашады. Ал түпкілікті шешімнің жалпыұлттық референдум арқылы қабылдануы – «халық – биліктің бірден-бір қайнар көзі» деген қағидаттың нақты көрінісі.

Қорыта айтқанда, жаңа Ата Заң жобасы – өткенге құрметпен қарап, болашаққа сеніммен қадам басуға бағытталған маңызды тарихи құжат. Ол Қазақстанның әділетті, жауапты әрі адамға бағдарланған мемлекет ретінде қалыптасуына берік құқықтық негіз бола алады.

 

Аяпберген САЛИХОВ,
ардагер журналист

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT