Астанада өткен Конституциялық комиссияның екінші отырысы – Қазақстанның құқықтық жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды кезеңдердің бірі. Бұл жолғы талқылау мазмұны бір ғана мемлекеттік институттардың құрылымын өзгерту емес, ең алдымен қоғамның сұранысы мен халықтың үніне негізделген реформалардың қалыптасып жатқанын көрсетті.
Комиссияға екі мыңнан астам ұсыныстың келіп түсуі – қоғамның конституциялық өзгерістерге бейжай қарамайтынын, керісінше ел тағдырына қатысты шешімдерге белсенді қатысуға дайын екенін аңғартады. ҚР Конституциялық Сотының төрайымы Эльвира Азимованың айтуынша, ұсыныстардың барлығы жинақталған жүйелі кестеге біріктірілген. Бұл – реформаның тек жоғары деңгейде ғана емес, қоғамдық пікірмен ұштаса отырып жүргізіліп жатқанын білдіретін маңызды белгі.
Талқылаудың басты өзегі – мемлекеттік билік тармақтарының өкілеттіктерін нақтылау, құқық қорғау тетіктерін күшейту және басқару жүйесінің тиімділігін арттыру. Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев атап өткендей, ұсынылып отырған түзетулер Үкіметтің, Конституциялық Соттың, прокуратура органдары мен сот жүйесінің функцияларын қайта қарауға, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға, сондай-ақ арнайы құқықтық режимдер мен Конституцияға өзгерістер енгізу тәртібін жетілдіруге бағытталған.
Ерекше назар аударатын тұс – болашақ бір палаталы Парламент – Құрылтай институтының Конституцияда айқындалуы. Сенат депутаты Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, Құрылтай 145 депутаттан тұрып, бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша сайлануы мүмкін. Бұл – заң шығару жүйесін ықшамдап қана қоймай, өкілдіктің жаңа моделін қалыптастыруға жасалған қадам. Сонымен қатар Халық кеңесі туралы жеке бөлім енгізу бастамасы қоғам мен билік арасындағы диалогты институционалдық деңгейге көтеруге бағытталғанын көрсетеді.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева таныстырған салыстырмалы талдау да реформаның мазмұнын тереңдетті. Ата заңның преамбуласын күшейту, құқықтық және зайырлы мемлекет қағидаттарын нақтылау, адам қадір-қасиеті мен жеке өмірге қол сұқпаушылықты қорғау – қазіргі заман талаптарына сай келетін маңызды өзгерістер. Бұл түзетулер Конституцияны тек құқықтық құжат емес, азаматтың құқығы мен бостандығын нақты қорғайтын тірекке айналдыруды көздейді.
Жалпы алғанда, Конституциялық комиссияның жұмысы Қазақстандағы саяси-құқықтық реформалардың жаңа кезеңге өткенін аңғартады. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып қана қоймай, қоғамның билікке деген сенімін нығайтуға, құқық үстемдігін күшейтуге және азаматтың мемлекет алдындағы емес, мемлекеттің азамат алдындағы жауапкершілігін нақтылауға бағытталған.
Ең бастысы – бұл реформа тек заң мәтінін жаңарту емес, мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа әлеуметтік келісімнің қалыптасуына бастайтын тарихи үдеріс. Сондықтан Конституциялық комиссияның әрбір отырысы – Қазақстанның болашақ саяси архитектурасын айқындайтын маңызды қадам.
Актолкын ШАЙХЫҚЫЗЫ,
аудандық оқушылар үйінің директоры



