Конституция өзгерген сайын қоғам да өзіне сұрақ қояды: біз қандай ел болғымыз келеді, қандай шекке дейін келісеміз, нені енді қабылдамаймыз? Ұсынылып отырған жаңа Ата Заң жобасы осы сұрақтарды әр азаматтың алдына қайта қойып отыр.
Мен бұл құжатты бір ғана саяси реформа ретінде емес, қоғамның ішкі келісімін жаңарту талпынысы деп қабылдаймын. Өйткені соңғы жылдары адамдар заңнан бұрын әділет іздей бастады. Ал жаңа Конституция дәл осы – әділетке деген сұраныстың күшейгенін мойындайды.
Құжатта адам құқықтарының басымдыққа шығуы – жай норма емес, қоғамдағы қордаланған күдікке жауап. Адам өзін қорғалған сезінбеген жерде даму да, сенім де болмайды. Осы тұрғыдан алғанда, Конституцияның жаңа мәтіні мемлекетке емес, ең алдымен, адамның өзіне жауапкершілік жүктейді, яғни өз құқығын білуге, оны қорғауға, үнсіз қалмауға шақырады.
Маған маңызды көрінген тағы бір тұс – болашаққа қатысты көзқарастың өзгеруі. Елдің ертеңі жер қойнауымен емес, ой-санамен өлшенетіні ашық айтылды. Бұл – әсіресе ауыл мен аудан үшін елеулі сигнал. Себебі, өңірлердің тағдыры енді тек инфрақұрылыммен емес, білімді, белсенді азаматтардың қалу-қалмауымен шешіледі.
Цифрлық ортаға қатысты нормалардың енгізілуі де қоғам өмірінің қалай өзгергенін көрсетеді. Заң өмірден қалып қоймауы керек. Егер адам онлайн кеңістікте әлсіз болса, ол ертең офлайнда да әлсіз болады. Бұл норма – жаңа шындықты мойындау.
Қоғамдық кеңес мүшесі болып табылатын мен үшін жаңа Конституцияның басты мәні – оның қалай орындалатынында. Қағаздағы әділет пен өмірдегі әділеттің арасы алшақ болмауы тиіс. Бұл аралықты қысқарту – орталықтың ғана емес, жергілікті деңгейдегі әрқайсымыздың міндетіміз.
Референдум – келісу немесе келіспеу ғана емес. Бұл – елдің өзіне айтатын ашық жауабы. Сол жауап шынайы болуы үшін әр азамат Конституцияға сырттан қараушы емес, оның иесі ретінде қатысуы қажет.
Самат ҚАБДЕЛОВ,
Исатай ауданының Құрметті азаматы, аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі



